ОРДАБАСЫДА АУҚЫМДЫ ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІ САЛЫНУДА

Түркістан облысында ауыл шаруашылығын дамыту мен ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тарту бағытындағы мемлекеттік саясат жүйелі түрде жүзеге асуда. Соның айқын көрінісі — «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қолға алынған ірі жобалардың қарқынды түрде іске асырылуы. Бүгінде бұл бағдарлама ауылдық аймақтардың экономикалық белсенділігін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл халқының табысын ұлғайтуға нақты серпін беріп отыр.

Осындай маңызды жобалардың бірі – Ордабасы ауданының Шұбарсу елді мекенінде бой көтеріп жатқан заманауи жылыжай кешені. Ауқымды бастама облыстың агроөнеркәсіп саласындағы әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Бұл жоба облыс әкімдігі мен «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімді ықпалдастығының нақты нәтижесі саналады. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Шұбарсу ауылында салынып жатқан жылыжай кешенінің құрылыс барысымен арнайы танысып, жобаны жүзеге асырып жатқан жауапты тұлғалармен кездесті. Өңір басшысы өз сөзінде ауылдық жерлерде кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мен ауыл халқын табыс табуға ынталандырудың маңызын ерекше атап өтті. Өз сөзінде «Жылыжай шаруашылығы – табысы жоғары әрі тұрақты бизнес түрі. Мұндай жобалар ауылдық аумақтарды дамытудың негізгі құралына айналып отыр. Ауыл тұрғындары кәсіп бастау арқылы өз тұрмысын жақсартып қана қоймай, өңірдің экономикасына үлес қосады. Біз еңбек етемін деген әрбір азаматқа қолдау көрсетуге дайынбыз» деді Нұралхан Көшеров.

Жоба жалпы құны 250 миллион теңгені құрайды және 7,5 гектар жер аумағында жүзеге асырылуда. Бұл көрсеткіш өңір үшін ірі аграрлық инвестиция болып табылады. Қазіргі таңда жылыжайдың 0,18 гектар аумағына қияр дақылы отырғызылып, алғашқы агротехникалық жұмыстар басталып кеткен. Кешен толық іске қосылған соң, мұнда қызанақ пен қияр өсірілетін болады. Жиналған өнімдер ішкі нарыққа жеткізіліп, жергілікті базарлар мен сауда орындары арқылы сатылады. Осылайша, жоба ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өткізудің тиімді тізбегін қалыптастыруға бағытталған. Жылыжай кешенінің құрылымы да жүйелі ұйымдастырылған. Жоба 42 учаскеге бөлінген, оның 17-сінде құрылыс толық аяқталған. Ал 3 учаскеде қажетті құрал-жабдықтар орнатылып, іске қосуға дайын тұр. Бұл – жобаның нақты қарқынмен орындалып жатқанын және алдағы уақытта толық қуатына шығатынын көрсетеді. Аталған бастама жергілікті тұрғындардың белсенді қатысуымен жүзеге асып отыр. «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде 30 азамат «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы қаржылай қолдау алған. Олардың 20-сына жалпы сомасы 167 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие рәсімделді. Бұл ауыл тұрғындарына өз кәсібін бастауға, жаңа табыс көзіне ие болуға және тұрақты жұмыспен қамтылуға зор мүмкіндік беріп отыр. Жалпы жылыжай шаруашылығы – ауыл экономикасын әртараптандырудың тиімді тетігі. Мұндай жобалар аграрлық сектордың тұрақты дамуына ықпал етіп қана қоймай, ауыл халқын маусымдық емес, жыл бойы тұрақты жұмыспен қамтуға жағдай жасайды. Бұған қоса, жылыжай кешендерінің көбеюі өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де үлес қосады.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы өз бастауынан бері ауыл тұрғындарын шағын және орта бизнеске тарту арқылы олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Бағдарлама аясында ауыл кәсіпкерлері төмен пайыздық несиелермен, мемлекеттік гранттармен және оқыту жобаларымен қамтылып отыр. Осы арқылы көптеген ауыл азаматтары өз кәсібін ашып, ауыл экономикасын дамытуға үлес қосуда. Ордабасы ауданындағы жылыжай кешені де – осы бағдарламаның табысты үлгісі. Мұнда жергілікті тұрғындардың қатысуымен өнім өндіру ісі жолға қойылып, ауыл шаруашылығында жаңа жұмыс орындары ашылуда. Алынған өнімдер тек аудан көлемінде емес, облыстың өзге өңірлеріне де жеткізілетін болады. Бұл өз кезегінде ішкі нарықтағы сұранысты өтеуге, импортты азайтуға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Агроөнеркәсіп саласында мұндай бастамалар Түркістан облысын еліміздегі жетекші ауыл шаруашылық аймақтарының біріне айналдырып отыр. Соңғы жылдары өңірде жылыжай шаруашылығы, көкөніс және бақша өнімдерін өндіру, ет пен сүтті қайта өңдеу, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кластерлерді дамыту бағытында ондаған жаңа жоба іске қосылды. Бұл үрдіс облыстың жалпы экономикалық өсіміне және жергілікті тұрғындардың өмір сапасын арттыруға зор ықпал етуде.