15 МЛН ДОЛЛАРЛЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ІСКЕ АСАДЫ

Келес ауданында шетелдік инвесторлар мен жергілікті кәсіпкерлердің қатысуымен маңызды кездесу өтті. Басқосуда өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жоба – 10 000 басқа арналған мал бордақылау алаңы мен ет өнімдерін терең өңдеу кешенін салу мәселесі талқыланды. Бұл жоба Келес ауданының аграрлық әлеуетін арттырып қана қоймай, экспорттық бағыттағы өнім өндірісін жолға қоюға мүмкіндік бермек.
Жиын барысында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев Түркиядан келген инвесторлармен және жергілікті кәсіпкерлермен келіссөз жүргізіп, жобаға байланысты ұсыныстар мен жоспарларды талқылады. Тараптар мал шаруашылығын дамытудың жаңа деңгейіне шығу үшін заманауи инфрақұрылым қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. «Біз үшін ауыл шаруашылығы — аудан экономикасының тірегі. Осындай ауқымды жобалар Келес ауданының дамуына тың серпін береді. Жергілікті кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар арасындағы әріптестікке қолдау көрсету — біздің басты міндетіміз. Біз өңірдің әлеуетін барынша тиімді пайдаланып, жаңа өндіріс орындарын ашуға мүдделіміз» деді аудан басшысы Жәнібек Ағыбаев. Кездесуде мал бордақылау алаңын салу жобасымен қатар, жоғары технологиялық мал сою бекеті мен ет өнімдерін терең өңдеу кешенін салу ұсынылды. Бұл кешен заманауи стандарттарға сай жабдықталып, өндірілген өнім ішкі нарыққа да, экспортқа да бағытталмақ. Жоба құны – 15 миллион АҚШ долларын құрайды. Түркиялық инвесторлар қаржыны салу үшін қажетті жер телімін рәсімдеу мәселесін көтерді. Өз кезегінде аудан әкімі жобаға толық қолдау көрсетілетінін айтып, барлық әкімшілік және инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге уәде берді. Осы орайда «Біздің мақсатымыз – ауыл шаруашылығын дамытумен қатар, шетелдік инвесторлардың сенімін арттыру. Аудан әкімдігі тарапынан барлық жағдай жасалады. Бізге ең бастысы – жобаның уақтылы және тиімді жүзеге асырылуы» деді Жәнібек Ағыбаев.
Басқосудан кейін аудан басшысы мен инвесторлар Бозай ауылдық округіндегі жоспарланған жоба аумағына барып, жер жағдайымен және инфрақұрылымдық мүмкіндіктермен танысты. Бұл аумақ болашақта өңірдің мал шаруашылығын дамытудың негізгі орталығына айналмақ. Бүгінде аталған округ аумағында жеке кәсіпкер 4 277 ірі қара мал, оның ішінде 1 500 асыл тұқымды «қалмақ сиырын», сондай-ақ 9 200 уақ мал өсіруде. Бұл Келес ауданында ауыл шаруашылығының қарқынды дамып келе жатқанын айғақтайды. Мамандардың айтуынша, жаңа жоба іске қосылған жағдайда өңірде ет өнімдерін өндіру, өңдеу және экспорттау толық циклмен жүзеге асырылмақ. Жобаның ерекшелігі — мал бордақылаудан бастап, ет өнімдерін қайта өңдеуге дейінгі барлық кезең автоматтандырылған жүйемен басқарылатын болады. Бұл өз кезегінде өнім сапасын арттырып, шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Мал сою бекеті мен ет өңдеу кешенінде жоғары технологиялы жабдықтар орнатылып, халықаралық санитарлық және сапа стандарттарына сай өндіріс жүргізіледі. Ет өнімдерінің бір бөлігі ішкі нарыққа жіберілсе, қалған бөлігі шетелге экспортталады. Әсіресе, көршілес Өзбекстан мен Тәжікстан, сондай-ақ Парсы шығанағы елдеріне жеткізу жоспарланып отыр.
Жобаның жүзеге асуы Келес ауданы үшін экономикалық тұрғыда үлкен серпін болмақ. Біріншіден, жаңа өндіріс алаңы ашылған соң, ондаған тұрақты жұмыс орны құрылады. Бұл ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартып, жастардың өз ауылында еңбек етуіне мүмкіндік береді. Екіншіден, ет өнімдерін қайта өңдеу арқылы қосымша құн қалыптасып, жергілікті кәсіпкерлердің табысы артады. Сонымен қатар, жаңа жоба ауыл шаруашылығында экологиялық және ветеринарлық қауіпсіздік деңгейін көтеруге де сеп болмақ. Барлық өндіріс процесі экологиялық стандарттарға сай ұйымдастырылып, қалдықтарды өңдеу мен қайта пайдалану жүйесі енгізіледі. Келес ауданы соңғы жылдары инвестициялық жобалар мен агроөнеркәсіптік бастамалар арқылы аймақтық экономиканың жаңа моделін қалыптастырып келеді. Аудан әкімдігі шетелдік және отандық инвесторларға қолайлы жағдай жасап, бизнес жүргізудің тиімді инфрақұрылымын дамытуға басымдық беруде. Ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа серіктестік қатынастар мен ірі жобалардың жүзеге асуы – Келес өңірінің келешегі зор екенін көрсетеді. Бұл бағытта жергілікті билік, кәсіпкерлер және шетелдік инвесторлар бірлесіп еңбек етсе, ауданның ауыл шаруашылығы өндірісі республикалық деңгейде үлгі боларлық деңгейге көтерілуі әбден мүмкін. Келес ауданы табиғи-климаттық ерекшеліктері мен қолайлы географиялық орналасуының арқасында мал шаруашылығын дамытудың әлеуеті жоғары өңірлердің бірі болып саналады.