ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СУ ТАСҚЫНЫНАН ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРГЕ БЕС МОБИЛЬДІ ХҚО КӨМЕК КӨРСЕТУДЕ
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Басқарма төрайымы Әсемгүл Балташеваның тапсырмасымен Мақтаарал ауданындағы тасқын судың зардабынан эвакуацияланған тұрғындарға құжаттарын қалпына келтіріп, көмек көрсету үшін жасақталған 5 мобильді топ апат аймағына жіберілді.
Мемлекеттік корпорацияның барлық қажетті құралдармен жабдықталған мобильді ХҚО-лары аудан бойынша орналасқан 19 эвакуациялау пункттерін кезекпен аралайды. Мамандар зардап шеккен жергілікті тұрғындарға мемлекеттік қызметтер бойынша құқықтық кеңес беріп, құжаттарын қалпына келтіру үшін өтініш қабылдайды. Бұл ретте тұрғындарды құжаттандыру бойынша миграциялық қызмет басқармасымен және басқа да атқарушы органдармен жедел түрде ықпалдасу ұйымдастырылған. Мобильді топ бірінші жұмыс күні 150-ден аса адамға мемлекеттік қызметтер бойынша кеңес берді. Эвакуациялау пункттерінде мамандар мақтааралдықтардың жоғалған құжаттарын қайта рәсімдеуге өтініштер қабылдап жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір жыл бұрын Арыс қаласындағы әскери қоймада болған жарылысқа байланысты төтенше жағдай кезінде де мемлекеттік корпорация қызметкерлері жұмысын тоқтатпай, жергілікті әкімдікпен бірлесе штабтарда, далалық жағдайда апаттан зардап шеккен азаматтардың құжаттарын ретке келтіру үшін үздіксіз қызмет етті. Төтенше жағдай кезінде арыстықтарға ХҚО мамандары 17 мың қызмет көрсетті.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.