ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 50 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысында индустриялық-инновациялық даму қарқыны жыл сайын артып келеді. Бұл бағыт өңір экономикасының жаңа деңгейге көтерілуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және инвестициялық ахуалдың жақсаруына елеулі үлес қосуда. Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған индустриалды аймақтар — кәсіпкерлікті дамыту мен өңдеу өнеркәсібін ілгерілетудің басты тетігіне айналып отыр. Бүгінде Түркістан облысында жалпы аумағы 2397,3 гектарды қамтитын 20 индустриалды аймақ құрылған. Бұл аймақтар облыстың әр ауданында орналасып, жергілікті экономиканы әртараптандыруға бағытталған нақты жобаларды жүзеге асырып келеді. Қазіргі таңда жалпы құны 39,5 млрд теңгеге 50 инвестициялық жоба іске қосылып, соның нәтижесінде 2609 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Бұл — облыс экономикасы үшін маңызды көрсеткіш. Себебі әрбір индустриалды аймақ өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, жергілікті халықты жұмыспен қамтудың жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр. Индустриалды аймақтарда орналасқан кәсіпорындар негізінен құрылыс материалдарын, металл және пластмасса өнімдерін, машина жасау және жиһаз бұйымдарын өндірумен айналысады. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш одан әрі арта түспек. Жоспар бойынша жалпы құны 112,4 млрд теңгені құрайтын 48 жаңа инвестициялық жоба іске асырылады. Нәтижесінде 3812 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл бастамалар тек өңір экономикасын дамытып қана қоймай, Түркістан облысын еліміздегі индустриялық әлеуеті жоғары аймақтардың қатарына шығарады. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте дәл осы бағыттағы жұмыстар кеңінен талқыланды. Мәжілісте облыстың инвестициялық ахуалын жақсарту, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсету, индустриалды аймақтардың инфрақұрылымын дамыту және өндіріс көлемін ұлғайту бойынша нақты тапсырмалар берілді. Нұралхан Көшеров өз сөзінде Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында атап өткен басым бағыттардың бірі – инвестиция тарту мен өңдеу өнеркәсібін дамыту екенін айта келе, бұл бағыттағы жұмыстың маңыздылығына тоқталды. «Президент халыққа арнаған биылғы Жолдауында инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелеріне айрықша мән берді. Сондықтан индустриалды аймақтарда өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған жобаларға басымдық беру қажет. Индустриалды аймақтардың инфрақұрылымдық жүйелері толық қамтамасыз етілуі тиіс. Осы мақсатта нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеп, орындалу барысы бойынша тұрақты түрде есеп беріп отыру қажет. Ал бұл бағыттағы жұмыстарды сапалы орындамаған басшылардың жауапкершілігі қаралатын болады» деді облыс әкімі.

Өңірлік өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасовтың айтуынша, қазіргі уақытта индустриалды аймақтардың инфрақұрылымын жүргізуге 12,35 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсалған. Бұл инвестициялық тиімділіктің нақты көрсеткіші ретінде қарастырылуда. Себебі бюджеттен жұмсалған әрбір 1 теңгеге 12,3 теңге көлемінде жеке инвестиция тартылған. Осы жылдың алғашқы жартыжылдығында индустриалды аймақтардағы кәсіпорындар жалпы 12,5 млрд теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке 756,6 млн теңге салық түсірген. Бұл аймақтар облыстың салықтық базасын кеңейтіп, әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға қосымша мүмкіндік беріп отыр. Бүгінгі таңда индустриалды аймақтарда жалпы құны 78,1 млрд теңгеге бағаланған жаңа 28 жоба орналастырылған. Бұл жобалар іске асқанда 2370 жаңа жұмыс орны ашылады. Мұндай ірі жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырумен қатар, жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа серпін береді. Өңір басшысы мәжіліс барысында аудан және қала әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе индустриалды аймақтардың инфрақұрылым жүйелерін жүргізу үшін қажетті қаржының есебін нақтылау, пайдаланылмай жатқан жер телімдерін кері қайтарып, тиімді игеру, сондай-ақ өндіріс орындарын жергілікті салық органдарына тіркеу жұмыстарын күшейту қажеттігі айтылды.

Сонымен қатар, әкімдік тарапынан индустриалды аймақтардағы жобаларды көбейту, кәсіпкерлерге әкімшілік кедергілерсіз қолайлы орта қалыптастыру және инвесторлармен ашық диалог орнату бағытында кешенді шаралар қолға алынбақ. Түркістан облысының индустриалды аймақтары бүгінде еліміздің экономикалық картасында айрықша маңызға ие болып отыр. Мұндағы жобалар құрылыс материалдары, дайын металл өнімдері, пластмасса, жиһаз және жеңіл өнеркәсіп салаларын қамтиды. Бұл бағытта жүзеге асқан жобалар тек өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, отандық өнімнің сапасын арттыруға да ықпал етуде.