ЖАСТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТІН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Қазіргі таңда қоғам дамуының маңызды өлшемдерінің бірі – құқықтық мәдениет деңгейі. Азаматтардың заңды білуі мен оны құрметтеуі мемлекет тұрақтылығы мен қоғамдық қауіпсіздіктің негізгі кепілі болып табылады. Осы орайда Шымкент қаласындағы Орталық Азия Инновациялық университетінде өткен «Заң мен тәртіп» атты мазмұнды кездесу жастар арасында құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған маңызды шара ретінде бағаланды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және жастарды заңға бағынушылыққа тәрбиелеу. Бұл кездесу жоғары оқу орындарында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізудің, жастардың санасына заң үстемдігі қағидатын сіңірудің айқын көрінісі болды. Кездесуге Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Мақсат Көшербаев, Тұран аудандық полиция басқармасының ювеналды полиция тобының капитаны Серікболсын Құрманбеков, Еңбекші ауданы прокуратурасының прокуроры Шыңғысхан Мошқалов және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшы орынбасары Аружан Әлжан қатысты. Бұл – жастар мен құқық қорғау органдары арасындағы тікелей байланыс орнатуға, ашық диалог алаңын құруға мүмкіндік берді. Басқосу барысында мамандар жастар арасында жиі кездесетін құқық бұзушылық түрлеріне тоқталып, олардың негізгі себептерін жан-жақты талдады. Әсіресе интернеттегі алаяқтық, киберқылмыс, ұсақ құқық бұзушылық және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері кеңінен қарастырылды. Құқық қорғау саласының өкілдері жастардың әлеуметтік желілерде өз жеке деректерін қорғау, күмәнді сілтемелер мен қаржылық операциялардан аулақ болу қажеттігін ерекше атап өтті. Мақсат Көшербаев өз сөзінде заңды білудің қоғамдағы жеке жауапкершіліктің көрсеткіші екенін атап өтіп: «Қазір ақпарат көп, бірақ оның барлығы дұрыс емес. Әр адам қандай әрекеттің заң бұзушылық екенін нақты түсініп, өз ісіне есеп беруі керек. Бұл – құқықтық мәдениеттің негізі», – деді. Оның бұл пікірі жастар арасында үлкен қызығушылық туғызды, себебі заманауи қоғамда заңды білмеу азаматты жауапкершіліктен босатпайды.

Кездесу барысында студенттер белсенділік танытып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Прокуратура және полиция өкілдері нақты мысалдар келтіре отырып, құқық бұзушылықтың салдары мен оны болдырмаудың тиімді жолдарын түсіндірді. Жастар ең жиі қойылған сұрақтардың қатарында интернеттегі жалған ақпараттар, жеке деректердің қорғалуы және еңбек құқығы мәселелерін атады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Спикерлердің айтуынша, жемқорлықпен күрестің ең тиімді жолы – оны болдырмау, яғни азаматтардың өз бойында адалдық пен әділдік қағидатын қалыптастыру. Бұл бағытта жоғары оқу орындарындағы тәрбие жұмысы мен қоғамдық белсенділіктің маңызы зор. «Жастар ресурстық орталығы» өкілдері жастардың құқықтық мәдениетін арттырумен қатар, азаматтық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған түрлі жобалар мен еріктілік бастамалары жөнінде де мәлімет берді. Мұндай кездесулер тек ақпарат алмасу емес, сонымен қатар болашақ заңгерлер мен белсенді азаматтардың өзара пікір алмасу алаңына айналуда. Іс-шара соңында студенттерге құқықтық кеңестер мен ақпараттық материалдар таратылды. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да осындай форматтағы кездесулерді жиі өткізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Өйткені жастардың заңды білуі мен құқықтық сауаттылығы – елдің болашағына салынған инвестиция. Жастардың пікірінше, бұл кездесу олардың көзқарасын өзгертіп, құқықтық жауапкершілікке деген түсінігін кеңейтті. Студенттер заң талаптарын сақтаудың тек жазадан қорқу емес, қоғам алдындағы азаматтық парыз екенін ұғынғандарын айтты. Қорытындылай келгенде, «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында өткен бұл шара – қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Осындай кездесулер арқылы жастардың заңды құрметтеу, өз құқығын қорғау және өзгенің құқығын бұзбау мәдениеті қалыптасады. Бұл – әділ әрі тәртіпті қоғамның іргетасы.