ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ КӘСІПОДАҚТАР ОРТАЛЫҒЫ ИГІЛІГІ МОЛ ШАРА ӨТКІЗДІ

Қазіргі таңда отбасының тұрақтылығы мен бірлігі қоғамның әлеуметтік дамуының ғана емес, елдің ұлттық қауіпсіздігінің де маңызды құрамдас бөлігіне айналып отыр. Осыны ескере отырып, Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалына қарасты «Қуат Жылу орталық – 3» мекемесінде отбасылық құндылықтарды дәріптеуге арналған тағылымды кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шараны Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы мен Ішкі саясат департаменті бірлесе өткізді. Кездесудің басты тақырыбы – «Отбасы және еңбек адамының жауапкершілігі». Бұл жиында қоғамдағы отбасылық тәрбие, ер мен әйелдің рухани рөлі, тұрмыстық жанжалдың алдын алу мен өзара сыйластықтың маңызы жайлы мазмұнды ойлар ортаға салынды. Кездесудің құрметті қонақтарының бірі – Шымкент қаласы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Орынша Тәжібәева болды. Ол өз сөзінде отбасындағы рухани атмосфера мен ата-ананың тәрбиелік рөліне тоқталып, қатысушыларды терең ойға жетелейтін сөздер айтты. «Кейде біз отбасымызды тек материалдық тұрғыдан қамтамасыз етсек жеткілікті деп ойлаймыз. Бірақ баланың есінде қалатыны – сатып алған киім емес, айтылған жылы сөз», – деді ол. Сонымен қатар Орынша Тәжібәева отбасының тұтастығы мен ерлі-зайыптылар арасындағы жауапкершілік мәселесіне де ерекше тоқталды. «Әке – үйдің тірегі, шеше – шаңырақтың шуағы. Әке – қатаң тәртіптің иесі емес, үлгінің иесі болуы керек. Ана – тек шаруаның емес, мейірімнің иесі болуы тиіс», – деп, отбасындағы сүйіспеншілік пен сабырлылықтың маңызын айрықша атап өтті. Кездесудің келесі бөлімінде Шымкент қаласы Полиция департаментінің Әл-Фараби аудандық басқармасына қарасты қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Төлеген Назерке сөз алды. Ол қатысушыларға құқықтық мәдениет пен отбасындағы жауапкершілік туралы кеңінен түсіндіріп, нақты мысалдармен бөлісті. Назерке Төлеген өз сөзінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың тек жеке отбасының мәселесі емес, қоғам алдындағы құқықтық және моральдық жауапкершілік екенін айтты. «Отбасындағы агрессия – жеке мәселе емес, құқықтық жауапкершілікке әкелетін әрекет. Бала психологиясына түскен із – ешқандай айыппұлмен өлшенбейді. Егер жазадан қорықпасақ та, ар-ұяттан қорқа білейік», – деді ол.
Кездесуге қатысқан қызметкерлер де өз пікірлерін ортаға салып, күнделікті өмірдегі отбасы қатынастарындағы түсіністік пен төзімділік жайлы ойларын білдірді. Бір қатысушының: «Біз жұмыста бір-бірімізге сабырлы қараймыз, ал ең жақындарымызға ашуланшақ болып кетеміз. Бұл – үлкен қателік», – деген сөзі залда отырғандардың бәрінің көңілінен шықты. Кездесу барысында мамандар отбасындағы сыйластық, өзара түсіністік пен қамқорлықты арттырудың қоғамның тұрақтылығы үшін қаншалықты маңызды екенін талқылады. Сондай-ақ, тұрмыстық жанжалдың алдын алудың негізгі тетіктері ретінде ашық әңгіме, сенім мен сүйіспеншілікті сақтау қажеттігі айтылды. Жиын соңында қатысушылар отбасы құндылықтарын тек мерекелік шаралар кезінде ғана емес, күнделікті өмірде де насихаттау қажет деген ортақ пікірге келді. Отбасының татулығы мен үйлесімділігі – еңбек адамының рухани күшінің бастауы екені ерекше атап өтілді. Кәсіподақ ұйымдары қолға алып жүрген осындай әлеуметтік-психологиялық бағыттағы кездесулер еңбек ұжымдарының рухани бірлігін нығайтып қана қоймай, қоғамдағы ізгілік пен адамгершіліктің тамырын тереңдетеді. Еңбек адамының кәсіби жетістігі мен ішкі үйлесімділігі отбасындағы тыныштық пен өзара құрметтен бастау алады. Шара қорытындысында қатысушылар отбасындағы махаббат пен сенімнің қоғамдағы тұрақтылықтың іргетасы екенін атап өтіп, мұндай кездесулердің тәрбиелік және әлеуметтік маңызы зор екенін айтты.



