КӘСІПОДАҚТАР МЕН ЗАҢ ТӘРТІБІ: ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖАСТАН БАСТАЛАДЫ

Қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру – ел болашағына салынған инвестиция. Бұл міндет тек құқық қорғау органдарының немесе білім беру мекемелерінің ғана емес, сонымен қатар кәсіподақ ұйымдарының да әлеуметтік жауапкершілігі болып табылады. Себебі бүгінгі жасөспірім – ертеңгі еңбек нарығына шығатын азамат, ал оның құқықтық сауаты мен жауапкершілік деңгейі әділ, қауіпсіз және өркениетті қоғамның негізін қалайды.

Осы мақсатта Шымкент қаласындағы Валентина Терешкова атындағы №31 жалпы орта мектебінде «Заң және тәртіп» атты акция аясында жоғары сынып оқушыларымен маңызды кездесу өтті. Іс-шараның ұйымдастырушысы әрі негізгі спикері – «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық бірлестігінің төрағасы, тәжірибелі заңгер Бауыржан Алтеев болды. Ол сонымен қатар «Заң үйірмесінің» мүшесі ретінде оқушылармен құқықтық сауаттылық тақырыбында ашық әңгіме жүргізді. Кездесудің басты мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық жауапкершілік туралы түсінігін кеңейту, олардың заң алдындағы міндетін ұғындыру және құқықбұзушылықтың салдарын нақты мысалдар арқылы түсіндіру. Бауыржан Алтеев өз сөзінде «Заңды білмеу – жауапкершіліктен босатпайды. Ал бір сәттік эмоция бүкіл болашағыңды күйретуі мүмкін», – деп жастарға терең ой салды. Спикер ҚР Қылмыстық кодексіндегі жас ерекшелігіне қарай жауапкершілік жастарын нақты атап өтті: жалпы қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан, ал ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін 14 жастан басталатынын түсіндірді. 14 жастан бастап жауапқа тартылатын әрекеттердің қатарына адам өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, зорлау, ұрлық, тонау, қарақшылық, көлікті немесе өзге мүлікті айдап әкету, лаңкестік және өрт қою сияқты қылмыстардың жататынын атап өтті. Бауыржан Алтеев әрбір құқықбұзушылық түріне өмірден алынған нақты мысалдар келтіре отырып, жастарға заңның қаталдығын және оның ұзақ мерзімді салдарын ұғындырды. Ол: «Қылмыстық дерек тіркелген сәттен бастап адамның өмірбаянында өшпес із қалады. Бұл жазба оқу, жұмысқа орналасу немесе шетелге шығу кезінде үлкен кедергіге айналуы мүмкін», – деп ескертті.

Кездесу барысында оқушылар белсенділік танытып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Олар күнделікті өмірде кездесетін даулы жағдайларда қалай әрекет ету керек, әлеуметтік желідегі жауапкершілік шегі қандай, достар арасындағы дау заң тұрғысынан қалай бағаланатыны сияқты тақырыптарда нақты жауап алды. Осындай еркін пікір алмасу форматы жасөспірімдерге құқықтық тұрғыдан ойлануға, өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарауға үйретті. Бауыржан Алтеевтің айтуынша, жастардың құқықтық мәдениетін арттыру – қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығының маңызды бөлігі. Ол: «Құқықтық сауаты жоғары азамат ешқашан өзіне де, өзгеге де зиян тигізбейді. Ал заңды білген жас – өз құқығын қорғап қана қоймай, өзгелердің де құқығын құрметтейді», – деді. Кәсіподақ ұйымдарының мұндай бастамалары – қоғамның әлеуметтік және рухани дамуына қосқан үлес. Кәсіподақтар тек еңбек қатынастарын реттеумен шектелмей, жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға да ерекше назар аударып отыр. Бұл бағыттағы «Заң үйірмесі» жобасы тұрақты түрде өткізіліп, алдағы уақытта басқа да мектептер мен колледждерде жалғасын табады.