БІЛІМ БАСТАУЫ — БАСТАУЫШТА

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №59 жалпы орта білім беретін мектептің бастауыш сынып бірлестігінде өтіп жатқан «Білім бастауы – бастауышта» онкүндігі аясында адамгершілік пен ұлттық құндылықтарға негізделген мазмұнды сабақтар жалғасуда. Осындай тағылымды іс-шаралардың бірі ретінде 4 «Ғ» сынып жетекшісі Дарменова Ақмарал Ескендировна өткізген әдебиеттік оқу пәнінен «Жақсы деген немене, жаман деген немене?» тақырыбындағы сабақты ерекше атап өтуге болады.
Сабақтың басты мақсаты – оқушылардың шығарманың мазмұнын терең түсінуіне, кейіпкерлер іс-әрекетін бағалай отырып, жақсылық пен жамандықтың мәнін ажыратуға үйрету. Мұғалім сабақты балалардың жас ерекшелігіне сай жаңа әдістермен түрлендіріп, олардың сыни тұрғыда ойлау қабілетін дамытуды көздеді. Оқушылар шығармадағы негізгі оқиғаларды талдай отырып, кейіпкерлердің мінез-құлқына баға берді, олардың әрекеттерінің себебін түсіндіруге тырысты. Сабақ барысында әрбір бала өз ойын еркін жеткізіп, өмірден алынған мысалдар арқылы «жақсы» мен «жаман» ұғымдарының шынайы мәнін ашуға талпынды. Мұндай тапсырмалар оқушылардың өзіндік пікір қалыптастыруына, адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіруіне ықпал етті. Дарменова Ақмарал Ескендировнаның сабағы дәстүрлі оқыту тәсілдерімен қатар, шығармашылық қойылымдар мен рөлдік ойындар арқылы ерекшеленді. Балалар шағын көріністер қойып, түрлі өмірлік жағдайларда адамгершілік таңдаудың маңызын көрсетті. Бұл тәсіл сабақтың тәрбиелік әсерін күшейтіп, оқушылардың қызығушылығын арттырды. Сабақтың мазмұны мен мақсаты «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарымен тығыз байланысты болды. Бағдарламада көрсетілген адалдық, әділдік, жауапкершілік, еңбексүйгіштік және құрмет қағидаттары сабақтың өн бойынан көрініс тапты. Оқушылар осы құндылықтардың әрқайсысын мысалдар арқылы талқылап, өмірде адал әрі әділ болудың маңызын түсінді.
Мұғалімнің шеберлігі мен шығармашылық ұстанымы сабақтың жоғары деңгейде өтуіне мүмкіндік берді. Әр кезеңі логикалық байланысқа құрылған, тәрбиелік маңызы зор бұл сабақта оқушылар тек әдеби шығармамен танысып қана қоймай, өз мінез-құлықтарына да сын көзбен қарауға мүмкіндік алды. «Адал азамат» тәрбиелеу жолындағы мұндай сабақтар жас буынға жақсылық пен жамандықты ажырата білу, дұрыс шешім қабылдау, адамгершілікке ұмтылу сынды өмірлік маңызды қасиеттерді сіңіруге бағытталған. Бала бойындағы ізгі ниет пен адалдық ұстанымы осындай мазмұнды сабақтар арқылы қалыптасады. Оқушылар сабақ соңында «жақсы адам қандай болу керек?» деген сұраққа өз ойларын білдіріп, мейірімділік, адалдық, еңбексүйгіштік және үлкенге құрмет, кішіге қамқор болу секілді қасиеттерді атап өтті. Бұл олардың алған білімін өмірмен байланыстыра білгенінің дәлелі. Сабақ соңында мектеп әкімшілігі мен әріптестері мұғалімнің кәсіби ізденісін жоғары бағалап, оның тәжірибесін басқа сыныптарға үлгі етуге болатындығын атап өтті. Осындай өнегелі сабақтар арқылы №59 мектеп ұжымы оқушыларды тек білімді ғана емес, сонымен қатар рухани бай, мәдениетті, өз ісіне жауапты «Адал азамат» етіп тәрбиелеу жолында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.



