ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ҚОРАНЫ ҚОЙҒА ТОЛТЫРУДАН КӨШ БАСТАП ТҰР
Түбін тартсаң түгі шығатын оңтүстік өлкесінің ауа райы төрт түлікті баптауға өте ыңғайлы екені әлімсақтан белгілі. Бірді екі ететін күнгей жұрты табиғаттың берген бұл мүмкіндігін дұрыс пайдалана алуының арқасында облысымызда мал шаруашылығы алға жылжып отыр. Оған төрт түліктің күн санап өсіп жатқаны дәлел. Бұл туралы uakit.kz Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың мәліметіне сүйеніп хабарлайды.
Басқарма басшысының айтуынша былтыр облысымыздағы ірі қара мал басының саны 2017 жылмен салыстырғанда 9 пайызға өсіп, 994,2 мыңға жеткен. Бұл республика бойынша ең жоғарғы екінші көрсеткіш. Ал қой-ешкілердің саны 3 %-ға өсіп, 4,1 млн. басты, Қамбар ата төлі 8%-ға өсіп, 320,5 мың басқа жетіп, республикадағы үлесі 1-орын болған. Аймақ түйе өсіруден де республика бойынша 4-ші орыннан табылып отыр.
Осы деректерді алға тартқан басқарма басшысы төрт түліктің көбеюі экономиканың қарыштап дамуына сүбелі үлес қосатынын айтты.
uakit.kz