ГАЗ ТЕХНИКАЛЫҚ МЕКЕМЕ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Шымкент қаласында еңбек ұжымдарының әлеуетін арттыру және кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік жағдайымен танысу мақсатында «Қызмет» салалық кәсіподағының «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы жалғасын табуда. Бұл жолы кәсіподақтың Шымкент қалалық филиалы Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы жанындағы «Шымкент қаласының газ техникалық қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұжымымен кездесу өткізді.
Кездесудің басты мақсаты – еңбек ұжымының тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысып, қызметкерлердің әлеуметтік әл-ауқаты мен еңбек жағдайын талқылау, сондай-ақ кәсіподақ мүшелерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдау болды. Жиынды «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов ашып, еңбек адамының қоғамдағы орны мен кәсіподақтың әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етудегі рөлін ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде «Кәсіподақтың басты міндеті – еңбек адамының құқығын қорғап қана қоймай, оның еңбегін бағалау, қоғамдағы беделін арттыру. Әрбір қызметкердің қауіпсіз әрі тұрақты жұмыс істеуі – әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі», – деді. Кездесу барысында филиал төрағасы ұжым мүшелерін «25 қазан – Республика күні» мерекесімен құттықтап, бірқатар қызметкерлерге салалық кәсіподақтың марапаттарын табыс етті. Бұл марапаттар еңбекке адалдықтың, кәсіби шеберліктің және ұйым ішіндегі ынтымақтың белгісі ретінде берілді. «Еңбек озаты» төсбелгісімен мекеме басшысы, әлеуметтік әріптес Бұралқиев Айдар Тынайұлы мен персоналды басқару маманы Байшуақова Эльмира Досалықызы марапатталды. Бұл марапат олардың қызметтегі табандылығы мен ұжымдағы әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін берілді. Сонымен қатар, мекеме басшысының орынбасары Ордабаев Жандос Оралбайұлы кәсіподақ тарапынан «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Бұл оның басшылық қабілеті мен кәсіби жауапкершілігіне берілген жоғары баға болды. Ал мекеменің газ техникалық инспекторы Шатырбаев Нұрсұлтан Уалиханұлы өз ісіне адалдығы мен еңбекқорлығы үшін «Алғыс хатқа» ие болды.
Жиын барысында еңбек ұжымының өкілдері кәсіподақтың қолдауына алғыстарын білдіріп, өзара түсіністік пен ынтымақтың маңызына тоқталды. Қызметкерлердің айтуынша, кәсіподақ тек құқықтық қорғау тетігі емес, сонымен бірге моральдық және әлеуметтік қолдаудың сенімді орталығы болып отыр. Кездесу соңында Серік Әуесханов ұжым мүшелерін алдағы жоспарлармен таныстырып, кәсіподақ тарапынан еңбек қауіпсіздігі мен қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған шаралардың жалғасын табатынын жеткізді. Ол сондай-ақ еңбек адамының еңбегін бағалау мен ынталандырудың маңызына ерекше тоқталды. «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы еңбек ұжымдарының өміріне серпін беріп, қызметкерлердің кәсіподақ жұмысына белсенді қатысуына мүмкіндік туғызуда. Мұндай кездесулер арқылы кәсіподақтар әрбір еңбек ұжымының нақты мәселелерін дер кезінде анықтап, олардың шешімін табуға атсалысуда. Шымкент қаласында өткен бұл кездесу де өз мақсатына жетті – еңбек адамының еңбегі лайықты бағаланып, ұжым ішінде өзара сыйластық пен бірлік рухы нығая түсті. Кәсіподақ ұйымдарының бастамалары қоғамдағы әлеуметтік әділдік пен ынтымақты арттырудың нақты үлгісі болып қала береді.



