ҚАУІПСІЗ ТАҒАМ — ҰЛТ САУЛЫҒЫ
Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тағамнан уланудың алдын алу шарасы туралы мәлімет ұсынады.
Кейде тамақтанғаннан кейін жүрек айну, құсу, бас айналу, асқазанның ауырсыну белгілері пайда болады. Көп жағдайда бұл тамақтан улану себебінен болады. Тамақтан уланған жағдайда адам бірнеше күннің ішінде ауруынан тез айығуы, ал кей жағдайда, өкінішке орай, ұзаққа созылуы мүмкін.
Тағамнан улану — микробтармен және оның токсиндерімен, яғни уларымен ластанған азық-түлікті пайдалану салдарынан жедел пайда болатын аурушаңдық.
Тағамнан уланудың жалпы белгілері:
• аурудың тез арада жедел түрде басталуы;
• бір мезетте бірнеше адамның ауруы;
• тамақтан уланудың негізгі ерекшелігі аурушаңдықтың жедел басталып, тез жазылуы;
• аурудың белгілі бір тағаммен байланыстылығы;
• сезікті тағамды тоқтатқан соң аурудың тоқтауы;
Бұл аурудың басқа жұқпалы аурулардан ерекшелігі — ауру адамнан сау адамға жұқпайтындығы.
Бактериялар мен микробтар ылғалды, жылы және қоректік ортада тез өрбиді. Тамақтан улану жағдайы тағамның дайындалуы, сақталуы, тасымалдануы барысында бактериялармен, бактериалды улармен, вирустармен немесе өз табиғатындағы улы заттармен ластанған тағамдарды қолданғанда пайда болады. Тамақтан уланудың негізгі себептері: жеке бас гигиенасының, санитарлық-гигиеналық талаптардың және тамақтарды дайындау барысында технологиялық процестердің сақталмауы, сақтау мерзімдерінің бұзылуы.
Тамақтан уланудың алғашқы белгілері: асқазанның ауырсынуы, құсу, жүрек айну, дене қызуының жоғарылауы, т.б. Тамақтан уланудың клиникалық көрінісі уланудың түріне және зақымданған улы тамақты қанша мөлшерде жегеніне байланысты. Тамақтан уланудың ең алғашқы белгілері зақымданған тамақты жегеннен кейін 30 минуттан соң басталады.
Тамақтан уланудың ең алғашқы белгілері білінген кезде балалар, ересектер және жүкті әйелдер тез арада дәрігерлерлік көмекке жүгінуі тиіс. Егер ауру ұзақ уақыт жазылмай, құсу, организмнің сусыздануы, нәжісте қанның болуы және өткір ішек ауруы сияқты белгілер сақталған жағдайда, міндетті түрде қайта дәрігерлікке көмекке жүгінген дұрыс.
МАҢЫЗДЫ!
Сәбилердің ағзалары тез сусыздануға бейім болғандықтан, емді кейінге қалдырмай, жедел түрде бастаған дұрыс.
Тағамнан уланудың алдын алу жолдары:
• Тамақтанар алдында қолды жуу;
• Термиялық өңдеуге жатпайтын жеміс-жидектерді ағынды сумен жуу;
• Тек қайнатылған немесе бөтелке суын ішу;
• Тез бұзылатын тағамдарды тоңазытқыштарда сақтау;
• Кондитер өнімдерін тек дүкендерден ғана алу, оның қауіпсіздігін растайтын құжатының болуына көңіл бөлу;
• Егер тағамның түрі, түсі, иісі және тағы басқа белгілері күмән тудыратын болса, мұндай тағамды мүлде пайдаланбау;
• Тамақ өнімдерін олардың жарамдылық мерзімін ескере отырып сақтау;
• Ет, құс, жұмыртқадан тез бұзылатын тағамдар, сондай-ақ паштеттер, аспаздық өнімдер, кремі бар кондитерлік өнімдер, салаттарды дайындағаннан кейін кейінге қалдырмай, бірден қолдану;
• Үй жағдайында дайындалған консерві (ет, құс, балық, саңырауқұлақ) өнімдерін белгісіз адамдардан сатып алмау, пайдаланар алдында термиялық өңдеуден 15-20 минут өткізу.
Айта кететін болсақ, Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен тарапынан өнім қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мониторинг жұмыстары ұйымдастырылып, бірнеше сауда нысандарынан сынамалар алынды. Биылғы жылдың 9 айы қортыныдысы бойынша 1347 — тамақ өнімі және 881 — тамақ емес өнімдерден, яғни барлығы 2228 өнімнің сынамасы зерттеуден өткен.
Сараптама нәтижелері бойынша 53 өнім сынамасы Кеден Одағы техникалық регламенттері талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Сәйкес келмейтін өнімнің негізгі үлесі, яғни 94,3% (50 сынама) импорттық өнімге тиесілі, қалған 5,7% (3 сынама) — отандық өндірушілер үлесінде.
Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама барысында құс еті өнімдерінің 1 сынамасында, аспаздық өнімдердің 2 сынамасында, алкогольсіз сусындардың 3 сынамасында микробиологиялық көрсеткіш бойынша бұзушылық анықталды.
Сонымен қатар, импорттық энергетикалық сусындарының 3 сынамасында адам денсаулығына қауіпті консервант — натрий бензоатының мөлшерден тыс қосылғандығы анықтаған.
Өнімі техникалық регламенттер талаптарына сай келмеген кәсіпкерлік субъектілеріне заңнама талаптарын бұзушылықтарды жою тәртібін түсіндіре отырып, бұзушылықтарды жою туралы 24 нұсқама беріліп, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 425 бабының 1 тармағына сәйкес 7 айыппұл салынды.