АДАЛ АЗАМАТ — ҚАУІПСІЗ ҚОҒАМНЫҢ КЕПІЛІ

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты С. Бекбосынов атындағы №70 жалпы орта білім беретін мектебінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын негізге ала отырып, оқушылардың күзгі демалыс уақытын тиімді ұйымдастыру, тұлғалық қасиеттерін дамыту және қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында 5–10 сынып жетекшілерінің ұйымдастыруымен «Буллингтен қорған!» атты қауіпсіздік сабағы өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың буллинг пен кибербуллинг туралы түсініктерін кеңейту, өз-өзін және өзгені қорғау мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамыту болды. Сабақ барысында ұстаздар балаларға күнделікті өмірде кездесетін түрлі қауіп-қатер жағдайларына дұрыс әрекет ету жолдарын түсіндіріп, агрессия мен зорлықтың кез келген түріне төзбеушілік танытудың маңызын айтты. «Буллингтен қорған!» сабағында әр сыныптың жас ерекшелігіне қарай бейнематериалдар көрсетіліп, талқылаулар ұйымдастырылды. Оқушылар өз ойларын ортаға салып, мектеп пен әлеуметтік ортада кездесетін қиын жағдайларды шешудің дұрыс жолдары туралы пікір алмасты. Әсіресе, топтық жұмыстар мен рөлдік ойындар арқылы балалардың бір-біріне қолдау көрсету дағдыларын дамытуға басымдық берілді. Мұғалімдер мен сынып жетекшілері балаларға киберкеңістіктегі қауіпсіздік ережелерін де түсіндіріп өтті. Әлеуметтік желілерде орын алатын қорлау, жалған ақпарат тарату немесе арандатушылық әрекеттердің салдары мен құқықтық жауапкершілігі туралы нақты мысалдар келтірілді. Сонымен қатар, буллингтің құрбаны болған немесе куәгері атанған жағдайда қандай әрекет жасау керектігі, кімге хабарласу қажет екендігі туралы ақпарат берілді. Сабақ соңында оқушылар «Жақсылыққа жақын бол!» және «Бір-бірімізге қамқор болайық!» атты шағын ұрандық плакаттар жасап, өз ойларын көрнекі түрде жеткізді. Бұл олардың бойындағы жауапкершілік, мейірім және әділдік секілді адамгершілік қасиеттерін нығайта түсті.

Мектеп әкімшілігі мен ұстаздар қауымы мұндай шаралар «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының негізгі бағыттарымен толық үндес екенін атап өтті. Бағдарлама аясында оқушыларды адалдыққа, жауапкершілікке, өзгенің құқығын құрметтеуге және қоғамдағы әділдік қағидаттарын ұстануға баулу көзделген. Оқушылар бұл сабақтан өз-өзін құрметтеудің, өзгеге қамқор болудың, сонымен бірге кез келген жанжалды бейбіт жолмен шешудің маңызын түсінді. «Буллингтен қорған!» атты қауіпсіздік сабағы балалардың бойында зорлық-зомбылыққа қарсы нөлдік төзімділікті қалыптастырумен қатар, өз құқықтарын білуге және әділ болуға деген ұстанымын күшейтті. Осындай тәрбиелік мәні жоғары шаралар арқылы мектеп ұжымы өскелең ұрпақтың бойына «Адал азамат» болуға қажетті басты қасиеттерді – ізгілік, әділдік және жауапкершілікті дарытуды мақсат етеді.