АДАЛ АЗАМАТ ТӘРБИЕСІ – ЕЛ БОЛАШАҒЫНА САЛЫНҒАН ИНВЕСТИЦИЯ

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты С. Бекбосынов атындағы №70 жалпы орта білім беретін мектебінде 25 қазан — Республика күніне арналған іс-шаралар жоспары аясында «Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары мен қауіпсіздік сабақтары өтті. Бұл шаралар «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы негізінде ұйымдастырылып, жас ұрпақтың бойында патриоттық рух пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталды.
Сабақтар барысында 1–11 сынып оқушылары еліміздің егемендікке қол жеткізу жолындағы тарихи кезеңдермен танысып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құндылықтарының мәнін талқылады. Сынып жетекшілер оқушылармен Отан ұғымы туралы ашық әңгіме жүргізіп, туған жерге деген сүйіспеншілік пен құрметтің адам өміріндегі маңызын түсіндірді. «Адал азамат» бағдарламасы аясында өткен бұл іс-шараның басты мақсаты — елінің дамуына үлес қосатын әділ, еңбекқор және отаншыл тұлға тәрбиелеу. Сабақ барысында оқушылар Абайдың «Ел болам десең, бесігіңді түзе» және Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген нақыл сөздерін талқылап, олардың бүгінгі күнмен байланысын түсінді. Бұл сөздер жас ұрпақтың бойында адалдық, әділдік, ерлік пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға негіз болды. Іс-шара барысында оқушылар шығармашылық белсенділіктерін танытып, өз қолдарымен бейнероликтер мен құттықтаулар дайындады. «Менің Отаным – Қазақстан» атты челленджге қатысып, егемен елдің болашағы үшін еңбек етуге дайын екендіктерін білдірді. Бұл олардың елге деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, бірлік пен ынтымақтың маңызын ұғынуға септігін тигізді. Қауіпсіздік сабақтарында ұстаздар оқушыларға онлайн және офлайн ортада өзін-өзі қорғау мәдениетін үйретіп, жауапкершілік пен тәртіптің маңызын түсіндірді. Бұл бағыттағы жұмыс «Адал азамат» бағдарламасындағы «Қауіпсіз тұлға» қағидатымен ұштасып, жасөспірімдердің саналы өмірлік ұстанымдарын қалыптастыруға ықпал етті.
«Менің Отаным – Қазақстан» атты бірыңғай сынып сағаттары жас буынды ел тарихын құрметтеуге, тәуелсіздіктің қадірін сезінуге және өз елінің болашағы үшін еңбек етуге тәрбиеледі. Мұндай сабақтар арқылы оқушылар тек білім алып қана қоймай, адамгершілік пен адалдықтың мәнін түсінді. Оқушылардың бойында қалыптасқан рухани құндылықтар — «Адал азамат» бағдарламасының басты мақсатының айғағы. Себебі адалдық пен патриотизм — мемлекеттің іргетасын берік ететін ең басты қасиеттердің бірі. Мектеп ұжымы бұл игі бастаманы жалғастырып, жас ұрпақтың бойында елжандылық пен әділдік, еңбекқорлық пен жауапкершілік қасиеттерін сіңіру жолындағы жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Республика күні қарсаңындағы бұл шаралар – елдің болашағы саналатын балалардың жүрегіне Отанға деген махаббат ұрығын сепкен мәнді де мазмұнды қадам болды.

