ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА ОТАНДЫҚ МЕДИЦИНАЛЫҚ РЕАГЕНТ ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысы соңғы жылдары индустриялық-инновациялық бағыттағы даму саясатын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Өңір экономикасын әртараптандыру, жаңа өндіріс орындарын ашу және импортты алмастыратын өнімдерді шығару — бүгінгі күннің басты стратегиялық міндеттерінің бірі. Осы бағытта Ордабасы ауданында тағы бір маңызды жоба сәтті жүзеге асырылды. Бадам ауылдық округіне қарасты Қарабастау ауылында заманауи технологиялармен жабдықталған «Дарын-2030» фармацевтикалық өндірістік кәсіпорны өз жұмысын бастады.

Бұл жаңа нысан – еліміздің медициналық зертханаларына арналған реагенттерді өндіретін отандық кәсіпорындардың қатарын толықтырған алғашқы өндіріс ошақтарының бірі. Мұнда клиникалық және бактериологиялық зертханаларға қажетті «қоректік ортаға арналған дефибринделген қой және жылқы қаны» мен «инактивтелген жылқы сарысуы» секілді жоғары сапалы өнімдер дайындалады. Бұл өнімдер бұрын шетелден әкелінетін болса, енді оларды елімізде, өз мамандарымыздың күшімен өндіру мүмкіндігі туып отыр. Кәсіпорынның негізін қалаушы – фармацевтика саласында 40 жылдан астам тәжірибесі бар білікті маман, провизор Гулия Бексултанқызы Джузенова. Ол өзінің кәсіби өмірін медицина мен фармацевтиканың дамуына арнап қана қоймай, енді өз бетінше отандық өндіріс орнын құрып, еліміздің денсаулық сақтау саласына нақты үлес қосып отыр. Гулия Бексултанқызының айтуынша, зауытты ашудағы басты мақсат – отандық медицина сапасын арттыру, медициналық мекемелерді шетелдік өнімге тәуелділіктен біртіндеп арылту және жергілікті тұрғындар үшін тұрақты жұмыс орындарын ашу. Зауыттың ашылу салтанатына Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, аудан әкімі Азат Оралбаев, сондай-ақ өңірдің кәсіпкерлік және денсаулық сақтау саласының өкілдері қатысты. Салтанатты шарада сөз сөйлеген Нұралы Әбішов бұл жобаның стратегиялық маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, мұндай инновациялық бағыттағы өндіріс орындарының көбеюі – еліміздің индустриялық-инновациялық саясатының нақты жемісі.

«Дарын-2030» зауытының ашылуы – тек Ордабасы ауданы үшін емес, бүкіл Түркістан өңірі үшін маңызды оқиға. Себебі, медициналық реагенттер өндірісі – жоғары технология мен ғылыми әлеуетті талап ететін сала. Мұнда өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі басты назарда. Осы тұрғыда зауыт халықаралық стандарттарға сай жабдықталып, заманауи зертханалық құрылғылармен қамтамасыз етілген. Өндіріс желісі толық автоматтандырылған, бұл өнім сапасын тұрақты бақылауға мүмкіндік береді. Аудан әкімі Азат Оралбаев өз сөзінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың индустриялық-инновациялық даму саясаты аясында жоғары технологиялы, импортты алмастыратын кәсіпорындарды ашу жөніндегі тапсырмасының маңыздылығын атап өтті. «Бүгінгі күні біз еліміздің фармацевтикалық тәуелсіздігі жолында нақты қадам жасап отырмыз. Бұған дейін медициналық зертханаларға арналған көптеген реагенттерді шетелден импорттауға мәжбүр болдық. Ал енді осындай өнімдер өз елімізде, өз мамандарымыздың қолымен өндірілетін болады. Бұл – үлкен жетістік әрі ел экономикасына серпін беретін бастама», – деді аудан басшысы. Кәсіпорын іске қосылған сәттен бастап ондаған жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. Алдағы уақытта өндіріс қуатын арттыру арқылы жаңа жұмыс орындарын көбейту жоспарланған. Сонымен қатар, зауыт өнімдерін еліміздің барлық аймақтарына жеткізіп, экспорттық нарыққа шығару көзделіп отыр.

Жаңа өндіріс орнының тағы бір ерекшелігі – оның экологиялық және санитарлық қауіпсіздік талаптарына сай болуы. Зауыттың инженерлік инфрақұрылымы заманауи технологиялар негізінде жасақталған. Мұнда суды зарарсыздандыру, қалдықтарды қайта өңдеу және энергия үнемдеу жүйелері орнатылған. Бұл экологиялық тұрақтылық қағидаттарын сақтауға мүмкіндік береді. Жоба бастамашыларының айтуынша, алдағы кезеңде «Дарын-2030» өндіріс көлемін арттырып, отандық фармацевтика саласында ғылыми-зерттеу бағытын дамытуды көздеп отыр. Бұл ретте кәсіпорын еліміздің жетекші медициналық университеттерімен және ғылыми орталықтарымен әріптестік орнатуды жоспарлауда. Жаңа кәсіпорынның ашылуы Түркістан облысы үшін стратегиялық маңызы бар оқиға болып отыр. Себебі, өңірде тек ауыл шаруашылығы мен туризм ғана емес, сонымен қатар өнеркәсіп пен ғылымды ұштастыратын жаңа салалар да дамып келеді.