ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА ЗАУЫТ АШЫЛДЫ

Түркістан облысы тағы бір ірі инвестициялық жобамен толықты. Түлкібас ауданының Күмісбастау ауылында АҚШ-тың әлемге әйгілі RC Cola брендімен жұмыс істейтін «Beibars Bottlers» компаниясының заманауи сусын өндіру зауыты салтанатты түрде ашылды. Ауыз су мен алкогольсіз сусындар өндіруге маманданған бұл кәсіпорын өңірдің индустриялық әлеуетін арттырумен қатар, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынбақ.

Бұл жоба – Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттырып, халықаралық брендтермен әріптестік орнатудың нақты мысалы. «Beibars Bottlers» компаниясы өңірде экологиялық таза, сапасы жоғары өнім өндіретін жаңа өндіріс орнын ашу арқылы ауылдық жердің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуда. Жаңа зауыттың ерекшелігі – заманауи неміс және италиялық технологияларға негізделген өндіріс желілері мен экологиялық таза, көпсатылы су тазарту жүйесі. Кәсіпорында пайдаланылатын су кәсіпорын аумағындағы 170 метр тереңдіктегі ұңғымалардан алынады. Арнайы сүзгілер арқылы тазартылған бұл су сапасы бойынша халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. Судың химиялық және микробиологиялық құрамына қатысты сынақтар АҚШ пен Италияның жетекші зертханаларында тексерістен өтіп, жоғары бағаланған. Жаңа өндіріс орны қазірдің өзінде 100 жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұл ауыл экономикасының жандануына, тұрғындардың тұрмыс сапасының жақсаруына айтарлықтай әсер ететін маңызды қадам. Ал болашақта кәсіпорын кеңейіп, жұмыс орындарының саны арта түспек. Зауыттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «RC Cola International» компаниясының бас менеджері Фрэнсис Лампера, «Freedom Bank» басқарма төрағасы Гүлфайруз Ахметова және жобаның идея авторы әрі инвесторы – «Beibars Bottlers» ЖШС құрылтайшысы Амангелді Нұров қатысты.

Өңір басшысы өз сөзінде бұл жобаның ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіпкерлікті дамыту және инвестициялық климатты жақсарту жөніндегі тапсырмаларының нақты нәтижесі екенін атап өтті. «Президентіміз кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсетіп, шетелдік және отандық инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастыруды басты басымдықтардың бірі ретінде белгілеген болатын. Бүгінгі зауыттың іске қосылуы – осы саясаттың жарқын көрінісі. Жергілікті әкімдік тарапынан инфрақұрылым жеткізіліп, барлық қажетті жағдай жасалды. Ендігі міндет – сапалы өнім шығарып, ішкі және сыртқы нарыққа ұсыну. Өңіріміздің дамуына үлес қосатын бұл жобаның сәтті жүзеге асарына сенімдімін», – деді Нұралхан Көшеров. Ашылу рәсіміне қатысқан халықаралық серіктестер мен банк өкілдері де зауыттың экономикалық маңыздылығын ерекше атап өтті. «RC Cola International» компаниясының өкілі Фрэнсис Лампера бұл өндіріс орнының Орталық Азия нарығындағы брендтің бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсетінін айтты. «Beibars Bottlers» жобасына шамамен 9 миллиард теңге көлемінде инвестиция салынған. Кәсіпорын жылына 120 мың тоннаға дейін түрлі сусындар өндіруге қауқарлы. Өнімдер металл және пластик құтыларда шығарылады және олар Қазақстанның ішкі нарығымен қатар, көрші елдерге де экспортталмақ. Бұл жоба өңірдің экспорттық әлеуетін ұлғайтып, экономиканың әртараптануына сеп болмақ. Жобаны іске асыру барысында ҚР Үкіметінің «Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы» қаулысына сәйкес, зауытқа қажетті инфрақұрылым толық жеткізілген. 705 миллион теңгеге 6 140 метрлік 35 кВ электр желісі мен қосалқы станция салынды. Сондай-ақ 25 миллион теңгеге табиғи газ құбыры тартылып, 240 миллион теңгеге кәріз жүйесі мен тазарту қондырғылары орнатылды. Мұның барлығы мемлекеттік қолдау шараларының нақты нәтижесін көрсетеді.

Зауыттың жалпы аумағы – 5 565 шаршы метр. Өндіріс желісі бірнеше кезеңнен тұрады: шикізатты қабылдау және дайындау, суды тазарту, өнімді құю және орау, дайын тауарды сақтау және жеткізу. Өнім түрлеріне RC Cola брендімен шығатын газдалған сусындар, ауыз су және өзге де алкогольсіз сусындар жатады. Экспорт географиясы – Қазақстан мен Орталық Азия елдері. Түлкібас ауданында іске қосылған бұл зауыт өңірдің индустриалды-инновациялық даму стратегиясының нақты жемісі саналады. Ол импортты алмастыратын және экологиялық талаптарға сай келетін заманауи өндіріс орны ретінде ғана емес, сонымен қатар инвесторлар сенімін арттыратын символдық жоба болып отыр. Жаңа кәсіпорынның жұмысқа қосылуы – Түркістан облысының экономикалық өсіміне қосылған елеулі үлес. Бұл жоба ауылдық аймақтардағы инфрақұрылымды жетілдіріп, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етпек.