Жастар жетекшісі өз ойын ортаға салмақ
«Кадр саясаты» айдарымен ОҚО жастар саясаты мәселесін шешетін басқарманың басшысы Абзал Әліқұловтың жаңа қызметке тағайындалуы, алдында болған басшының қолы жетпеген, атқара алмаған жұмыстарын жолға қалай қоятындығын білу мақсатымен біз «Жастар «қаңбақ» болып кетпесін деп тілейік сіз бен біз» деген тақырыпта әңгіме қозғап, он шақты сауалдың басын топтап, үш салаға бөліп ұсынған едік. Атасына рахмет, газет таралымға түскен күннің ертеңіне бізге хабарласып, өзінің ой-ниетін, мақаланы қалай қабылдағандығын жасырып-жабусыз ашық айтты. Тіпті таяу мерзімде өзінің жақсы ой-жоспарларын көпшілікпен бөлісуге, сыр-сұхбат жасауға ниеті бар екендігін де айтып өтті. Біз ол кісінің осы кішкене әрекетіне, елгезек пікіріне тәнті болып, тақ тұрдық.
Біз бұл әңгіменің «ішек-қарнын ақтарып» елге несіне таныстырып отыр дерсіздер. Кішкентай істің үлкен мәні бар. Егер әр басшы дәл осы Абзал Әліқұлов секілді көңілді істің көлеміне қарамай бөліп, зер салып, ой бөлісіп, пікір айтып отырар болса-қоғамдағы жариялық, іскерлік, адами қарым-қатынас анағұрлық жақсарып, біз жақсы бағытқа тез, көбірек бет бұрар едік. Әр басшының осыны есте ұстағаны, жүзеге асырғаны қандай ғанибет болмақ еді десеңізші.
«Уақыт»