ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП ЖАТЫР

Түркістан облысы соңғы жылдары экономикалық даму мен индустрияландыру бағытында еліміздің жетекші аймақтарының біріне айналып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестиция тарту және өңірлік өндірісті дамыту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес, өңірде жаңа кәсіпорындар мен зауыттардың құрылысы жүйелі түрде жүзеге асуда. Бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіру мақсатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен инвестштабтың кезекті отырысы өтті.
Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков, Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасов, Кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов, сондай-ақ аудан, қала әкімдері мен инвестжобаларға жауапты мамандар қатысты. Мәжілісте өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту, кәсіпкерлікті қолдау және өндіріс нысандарын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарлар егжей-тегжейлі талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аймақтағы инвестициялық жобалардың уақтылы әрі сапалы жүзеге асуын басты назарда ұстап, аудан және қала әкімдеріне, басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Өңір басшысы атап өткендей, Түркістан облысы бүгінде еліміздің индустриялық әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарып отыр. Мұнда түрлі сала бойынша жаңа өндіріс орындары ашылып, отандық өнім көлемі ұлғаюда. Бұл өз кезегінде өңірдің ішкі жалпы өнімін өсіріп қана қоймай, халықтың әл-ауқатын жақсартуға да тікелей әсер етуде. Күн тәртібінде Түркістан қаласы, Сайрам, Сауран, Ордабасы және Бәйдібек аудандарында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар қаралды. Атап айтқанда, Түркістан қаласында орналасқан «PSI Machinery» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тау-кен металлургия кешеніне қажетті ауыр жабдықтар өндіретін зауыт салуды қолға алған. Бұл жоба іске қосылған соң, аймақтың өндірістік әлеуетін арттырып, еліміздің тау-кен өнеркәсібіндегі импортты алмастыру саясатына елеулі үлес қосады. Сонымен қатар «Turan» арнайы экономикалық аймағының аумағында екі жаңа жобаны іске асыру жұмыстары басталған. Аталған аймақтың артықшылығы — дайын инфрақұрылым мен жеңілдетілген салықтық режимдердің болуы, бұл өз кезегінде инвесторларға тиімді жағдай туғызады.
Сайрам ауданында «KUZOV KARABULAK» ЖШС арнайы техника құрастыратын зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Бұл кәсіпорын іске қосылған соң, аймақтың машина жасау саласын дамытып, ондаған жаңа жұмыс орнын ашады деп күтілуде. Бәйдібек ауданындағы «AMANAT AGRO BAIDYBEK» агроөнеркәсіптік кешенінің мақта өңдеу және тамшылатып суару технологиясына арналған зауыты да өңірдің агросекторындағы ірі жобалардың бірі болмақ. Бұл жоба ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттырумен қатар, су ресурстарын үнемдеп пайдалануға мүмкіндік береді. Түркістан қаласында жеңіл өнеркәсіп саласында да ілгерілеу байқалады. «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС мата және джинс өнімдерін шығаратын зауыт салуды жоспарлауда. Жоба іске қосылған соң, өңірде тоқыма өндірісі жаңа деңгейге көтеріліп, экспортқа бағытталған өнімдер үлесі артады. Сонымен қатар «Qaz Natural Laminat» ЖШС еден жабындарын өндіретін зауыттың құрылысы басталып, оның алғашқы кезеңі аяқталуға жақын. Инвестштаб отырысында ерекше назар аударылған жобалардың бірі – «HUATING BIOTECHNOLOGY Co., LTD» серіктестігі. Бұл кәсіпорын ірі қара мал сүйегінен май және желатин компоненттерін өндіретін зауыт салуда. Өндіріс іске қосылған соң, ет өңдеу саласының қалдықтарын тиімді пайдалану арқылы экологиялық және экономикалық тиімділікке қол жеткізілмек. Сонымен қатар «Samruk Signal Systems KZ» ЖШС радиостанциялар мен түрлі электрондық құрылғылар шығаратын зауыттың құрылысын жүргізіп жатыр. Бұл жоба отандық радиоэлектроника өндірісін дамытуға және цифрлық технологияларды енгізуге серпін береді.
Жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров аталған жобалардың барлығы Түркістан облысының өндірістік картасында маңызды орын алатынын, олардың әрқайсысы жаңа жұмыс орындарын ашуға, бюджет кірісін арттыруға және халықтың өмір сапасын жақсартуға ықпал ететінін атап өтті. «Бізге инвестиция тарту және өндіріс көлемін арттыру бағытында белсенді жұмыс қажет. Әрбір аудан мен қала өз әлеуетін толық пайдалана білуі тиіс. Түркістан өңірі табиғи ресурстарға, еңбек күші мен логистикалық мүмкіндіктерге бай. Осы артықшылықтарды тиімді қолдану – басты міндетіміз. Әрбір жобаның уақтылы іске асуы мен сапасы – біздің басты назарымызда болады» деді облыс әкімі. Отырыста сондай-ақ кәсіпкерлік саласын дамытудағы өзекті мәселелер де қозғалды.


