«КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» ЖОБАСЫ – «АДАЛ АЗАМАТ» БАҒДАРЛАМАСЫМЕН ҮНДЕС РУХАНИ ТӘРБИЕ ӨЗЕГІ

Шымкент қаласы Білім басқармасына қарасты Т.Тәжібаев атындағы №81 жалпы орта білім беретін мектепте «Кітап оқитын ұлт» зияткерлік ағартушылық жобасы қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. 6-10 сынып оқушылары арасында 15 кітап оқу бастамасы жүйелі жалғасуда. Бұл білім ордасында кітапхана тек ақпарат сақтайтын орын емес, тұлға қалыптастыратын рухани орталыққа айналған.
«Кітап оқитын ұлт» жобасының негізгі мақсаты – жас буын арасында кітап оқуды кеңінен насихаттау, сыни ойлау қабілетін дамыту, балалардың дүниетанымын кеңейту және кітапты білім мен рухани өсу көзі ретінде таныту. Жоба жас ұрпақты ерте жастан кітапқа баулып, ел ішінде тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Ұзақ мерзімді мақсат – Қазақстанды әлемдегі ең көп кітап оқитын мемлекеттер қатарына қосу. Аталған жоба еліміздегі «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасымен өзара тығыз байланыста. «Адал азамат» бағдарламасы оқушыларды адамгершілікке, жауапкершілікке, сыни ойлауға, мәдениеттілікке және саналы өмірлік ұстаным қалыптастыруға бағытталған. Кітап оқу – дәл осы құндылықтардың негізгі тірегіне айналады. Бағдарламада адам руханиятының дамуы, ұлттық мәдени кодты сақтау, жеке тұлғаның ішкі жауапкершілігін нығайту секілді бағыттар басты назарда. Кітап оқу арқылы оқушы әлемді таниды, ізгілік, әділдік, еңбексүйгіштік, мейірімділік секілді қасиеттерді жүрегіне сіңіреді. Бұл қасиеттер «Адал азамат» бағдарламасының өзегін құрайды. Сондықтан мектепте іске асып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жобасы аталған бағдарлама міндеттерін толықтырып, оның сапалы орындалуына тиімді үлес қосып отыр.
Жобаның аясында оқушылар тек кітап оқып қана қоймайды, пікірталас сабақтарына, шығармашылық талдау жұмыстарына, эссе жазу іс-шараларына қатысады. Мұндай жұмыстар баланың ойын жүйелеуге, өз көзқарасын дәлелдеуге, ой еңбегіне дағдылануға ықпал етеді. Бұл – зияткерлік әлеуетті күшейтудің ең тиімді жолдарының бірі. Мектеп кітапханасында ұйымдастырылған арнайы бұрыштар, кітап көрмелері, әдеби кейіпкерлермен танысу сабақтары, авторлық шығармалар бойынша викториналар оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Осының бәрі «Адал азамат» бағдарламасында көрсетілген тұлғалық даму көрсеткіштерімен толық үйлеседі. Жоба тек білім беру үдерісін байытып қана қоймай, мектеп тәрбиесінің мазмұнын да тереңдетеді. Кітап оқитын ұрпақ – саналы, мәдениетті, рухани бай ұрпақ. Мұндай ұрпақ қоғам дамуына үлес қосатын, елдің болашағына жауапкершілікпен қарайтын азамат болып қалыптасады. «Адал азамат» бағдарламасының басты мақсаты да – осындай тұлғаларды тәрбиелеу. Т.Тәжібаев атындағы №81 мектептің бұл бағыттағы жұмысы – білім беру саласындағы жаңа бастамалар мен ұлттық құндылықтарды ұштастырудың көрінісі. Оқу мәдениетін қалыптастыру – тек мектептің емес, жалпы қоғамның міндеті. Сондықтан «Кітап оқитын ұлт» жобасының жүзеге асуы – тек бір мектеп үшін емес, ел болашағы үшін маңызды қадам.



