ИНТЕРАКТИВТІ ТРЕНИНГ ӨТКІЗІЛДІ

2025 жылғы 14 қарашада Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Хамза атындағы №108 жалпы орта білім беретін мектебінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Досбол LIKE» жобасы бойынша маңызды интерактивті тренинг өткізілді. Бұл шара оқушылардың қауіпсіздігін нығайту, мектепте достық атмосферасын қалыптастыру және буллингтің алдын алу мақсатында ұйымдастырылды.
Тренингті мектеп педагог-психологтары Камила Каримбаевна Халметова мен Наргиза Нарметова жүргізді. Шараға 7-сынып оқушылары қатысып, олардың психологиялық сауаттылығын арттыруға және бір-бірімен дұрыс қарым-қатынас орнатуға баса назар аударылды. Оқушылар буллингтің әртүрлі түрлері, оның психологиялық әсері және одан сақтану жолдары туралы маңызды ақпарат алды. Сонымен қатар, қатысушыларға өз сезімдерін дұрыс білдіру, бір-бірін сыйлау және қиын жағдайларда дұрыс шешім қабылдау дағдылары үйретілді. Интерактивті тренинг барысында оқушылар түрлі ойындар мен топтық тапсырмалар арқылы өзара сыйластық, қолдау көрсету, бір-бірін тыңдау дағдыларын бекітті. Сонымен қатар өмірлік жағдайларға негізделген рөлдік көріністер арқылы қиын сәттерде дұрыс шешім қабылдаудың тәсілдері көрсетілді. Бұл әдіс оқушылардың тәжірибелік дағдыларын дамытуға, сенімділік пен өзара түсіністікті нығайтуға мүмкіндік берді. Шараның басты мақсаты — әрбір оқушы өзін қауіпсіз, құрметті және бағалы сезінетін мектеп ортасын қалыптастыру, сонымен қатар буллингтің алдын алу мәдениетін дамыту. Мұндай тренингтер «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының негізгі бағыттарына сәйкес келіп, оқушылардың психологиялық тұрақтылығын, әлеуметтік дағдыларын және өз құқықтарын қорғау қабілетін арттыруға ықпал етеді.
Қатысушылар тренингтен алған тәжірибесі арқылы мектеп өмірінде достық, сыйластық пен жауапкершілікті нығайтуға, сондай-ақ өзара қолдау көрсету арқылы қауіпсіз оқу ортасын қалыптастыруға үлес қосатынына сенім туды. Осылайша, «Буллингсіз мектеп» интерактивті шарасы оқушылардың тұлғалық дамуына, эмоционалдық интеллектін арттыруға және қоғамда адал, жауапты азамат болып қалыптасуына бағытталған маңызды іс-шара болды. Айта кетейік, Президент Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет екенін атап өтті. Әділетті Қазақстан және Адал азамат – бір-біріне етене жақын ұғымдар. Бұған дейін «Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс» деген болатын Мемлекет басшысы.

