ТҰРҒЫН ҮЙ АЛАПТАРЫНДА СУ ҚҰБЫРЛАРЫ КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ТАРТЫЛЫП ЖАТЫР
Шымкент қалалық Еңбекші ауданы бойынша Қаратөбе, Қарабастау, Абдулабад, Тоғыс, Жұлдыз, Бадам-1, Жыланбұзған, Айнатас, Базарқақпа тұрғын үй алаптарында алдағы уақытта тұрғындарды ауыз сумен қамту мақсатында су құбырларына байланысты құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Соның ішінде Қарабастау елді мекенінде бұл бағыттағы жұмыстар басталып кеткен.
Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов Қарабастаудағы су құбырларының құрылысымен танысты. Жалпы 2022 жылы аталған жобаны іске асыру мақсатында су құбыры желілері мен су қабылдау имараттарын қайта жаңғырту жұмыстарына жобалық сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысынан соң, мердігер мекемемен келісім шарт түзілген. Қазір жұмыс басталған кезеңнен осы мерзімге дейін мердігер мекеме құрылысты 50 % аяқтап, ұзындығы 50 шақырымды құрайтын су құбырын жүргізді. Атқарылған жұмыстарды бақылаған Мұрат Дүйсенбекұлы нысан құрылысының сапасына мән беруді және кестеге сәйкес дер шағында орындауды жауапты басшыларға мұқият тапсырды. Қазіргі уақытта 81 елді мекеннің 78-і (1084,9 мың тұрғын) сапалы ауыз сумен қамтылса етілсе, Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ елді мекендері кесте бойынша ауыз су тұтынып отыр. Биыл Шымкент қаласы бойынша ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 98,5% — дан 100% — ға дейін өседі деп күтілуде. Шымкент қаласын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында 6 нысанда су құбырларын тарту жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Олар — Құрсай 1,2-кезек, Қайнарбұлақ, Сайрам 1,2 және 3-кезек, Еңбекші ауданы жаңа құрылыс аумағы. Нәтижесінде 72 мыңнан астам тұрғын орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылу мүмкіндігіне ие болады. Айта кету керек, Шымкентте 16 шақырымды құрайтын «Оңтүстік» айналма жолының құрылысы жүргізілуде. Нысан көлік кептелісін азайтып қана қоймай, жол бойындағы елдімекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына да ықпал ететін болады. Жуырда қала әкімі М.Әйтенов айналма жолдың құрылыс жұмыстарымен танысты. Айналма жолдың құрылысы Ленгір тас жолынан бастап КХ-15 облыстық маңызы бар автожолына дейінгі аралықты қамтиды. Жоба бойынша көшенің ені 9 метрді құрайды. Осыған дейін жол құрылысының 50 пайызы орындалған. Шымкент-Ташкент жолында қиылысатын бөлігінде көпір салынып, жолдың негізі дайындалған. Қала әкімі жауаптыларға жол құрылысы барысында туындаған өзекті мәселелерді шұғыл шешіп, жұмыстарды сапалы жүргізуде тапсырды.