ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫ ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫН ҚАДАҒАЛАП ОТЫР

Шымкент қаласында білім беру инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы мен Жол картасы аясында Ө.Жанібеков атындағы №19 мектептің жаңа ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Бұл жоба оқушылар санын арттыру, оқу жағдайын жақсарту, білім сапасын көтеру және қаладағы апатты немесе ыңғайсыз мектептер мәселесін кезең-кезеңімен шешуге бағытталған.

Жаңа ғимараттың құрылысы 2025 жылдың қаңтар айында басталған болатын. Қазіргі таңда жұмыстардың 70 пайыздан астамы орындалған. Жоспар бойынша нысан жыл соңына дейін толық аяқталып, оқушылар мен мұғалімдердің игілігіне берілуі тиіс. Дегенмен құрылыс қарқынына қатысты бірқатар мәселелер анықталуда. Құрылыс барысына мониторинг жүргізу мақсатында Партиялық бақылау комиссиясы нысанға арнайы барып, көшпелі жиын өткізді. Мониторингке «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Әл-Фараби аудандық партия филиалының төрағасы Наргиза Керимбаева, атқарушы хатшы Ердәулет Жүнісбеков, комиссия инспекторы Айжарқын Әбілдаева және комиссия мүшелері қатысты. Олар құрылыс алаңын аралап, жұмыстардың қазіргі деңгейімен егжей-тегжейлі танысты. Мердігер мекеме өкілдері құрылысты желтоқсан айына дейін толық аяқтауға уәде беріп отыр. Дегенмен комиссия мүшелері белгіленген мерзімге үлгеру үшін жұмыс қарқынын арттыру қажеттігін атап өтті. Құрылыс алаңында жұмысшылар санының аздығы мен белгілі бір учаскелердегі баяу ілгерілеу комиссия тарапынан сынға алынды.

Ербол Байқонысов мониторинг барысында мердігерге нақты ескерту жасады. Нақтырағы «Сіздер жұмыс қарқынын күшейтіп, құрылысшылар санын арттыруларыңыз қажет. Әйтпесе, бұл қарқынмен нысанның белгіленген мерзімде аяқталмау қаупі бар» деді ол.  Бұл ескерту комиссияның бұған дейін де нысанда бақылау жүргізіп, кейбір кешігулерге назар аударғанын еске салды. Сондықтан құрылыс компаниясына уақытылы және сапалы жұмыс атқару жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Комиссия мүшелері жұмыстың баяу жүруіне себептерді анықтап, оларды жою жолдарын да талқылады. Заманауи талаптарға сай салынып жатқан ғимарат үш қабаттан тұрады. Мектептің жаңа корпусында кең, жарық оқу кабинеттері, арнайы пәндік сыныптар, зертханалар, кітапхана, акт залы және бейімделген спорт залы қарастырылған. Барлық кабинеттер жаңа үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр. Оқушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығы да басты назарда: бейнебақылау жүйесі, жаңа өрт қауіпсіздігі құралдары және заманауи инженерлік инфрақұрылым орнатылмақ. Жаңа мектеп ғимаратының ашылуы Әл-Фараби ауданы мен қала тұрғындары үшін маңызды оқиға болмақ. Бұл — оқушылардың сапалы білім алуына мүмкіндік беретін, педагогтердің жұмыс жағдайын жақсартатын және оқу процесін жаңа деңгейге көтеретін маңызды әлеуметтік нысан.