ШЫМКЕНТТЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ҮЙЛЕСТІРУ КЕҢЕСІ ҚҰРЫЛДЫ

Шымкент қаласында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған тағы бір маңызды қадам жасалды. «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанынан Кәсіпкерлікті үйлестіру кеңесі құрылып, жаңа органның алғашқы отырысы өтті. Жиынға партия филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев, қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, партия атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, кеңес мүшелері және қала кәсіпкерлері қатысты. Кеңестің құрылуы – қаладағы бизнес ахуалды жақсартып, кәсіпкерлердің мәселелерін жүйелі түрде шешуге бағытталған жаңа алаңның пайда болғанын білдіреді.
Алғашқы отырыста кеңестің тең төрағалары болып Мұрат Жолдыхожаев пен Айдын Кәрімов бекітілді. Бұл екі тараптың – партия мен жергілікті атқарушы органның – бірлесе жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Кеңес тоқсанына бір рет тұрақты түрде жиналып, қажеттілігіне қарай кезектен тыс отырыстар да ұйымдастыратын болады. Ереже бойынша тең төрағалардың кемінде біреуі қатысқан жағдайда отырыс заңды деп танылады. Отырысты ашқан Мұрат Жолдыхожаев жаңа кеңестің құрылуын қаланың экономикалық дамуына серпін беретін маңызды бастама екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет Басшысының экономиканы әртараптандыру, өндірісті дамыту және терең өңделген өнім үлесін арттыру жөніндегі тапсырмаларына сәйкес «AMANAT» партиясы кәсіпкерлікке қолдау шараларын күшейтуде. Партия төрағасы Е. Жақанұлының бастамасымен еліміздің барлық өңірлерінде кәсіпкерлік мәселелерін үйлестіретін кеңестер құру тапсырылған. Шымкент қаласында құрылған үйлестіру кеңесі де осы бастаманың жалғасы ретінде бизнес өкілдері үшін тиімді алаңға айналмақ. Мұрат Жолдыхожаев өз сөзінде қалалық мәслихат тағы бір маңызды ұсынысты қарастырып жатқанын айтты. Ол – кәсіпкерлер үшін салық мөлшерлемесін 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендету туралы бастама. Бұл шешім қабылданған жағдайда шағын және орта бизнестің шығындарын азайтып, жаңа кәсіптерді ашуға және экономиканың белсенділігін арттыруға үлкен қолдау болмақ.
Қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов те кеңестің жұмысына жоғары баға беріп, оның қаладағы бизнес климатты жақсартуға тікелей әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, кәсіпкерлік – Шымкент экономикасының негізгі қозғаушы күші. Сондықтан кәсіпкерлердің мәселелерін уақытылы тыңдайтын, шешу жолдарын бірлесе қарастыратын осындай тұрақты алаңның болуы – аса маңызды. Әкімдік кәсіпкерлерге қолдау көрсету бағытында барлық мүмкіндікті пайдалануға әзір екенін айтты. Жиын барысында салалық басқармалар да кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Олар қала аумағында жаңа өндірістік аймақтарды дамыту, инфрақұрылымды жақсарту, рұқсат беру рәсімдерін жеңілдету, инвестициялық жобаларды қолдау сияқты бағыттарда атқарылып жатқан шараларды таныстырды. Сонымен қатар кәсіпкерлер тарапынан көтерілген 12 нақты мәселе талқыланды. Бұл сұрақтардың ішінде инженерлік инфрақұрылымға қосылу, жер телімдерін рәсімдеу, салықтық жеңілдіктер, өндірістік алаңдардың жетіспеушілігі секілді мәселелер болды. Әрбір сұрақ жеке талданып, шешу жолдары қарастырылды.

