ЗАҢ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ – «АДАЛ АЗАМАТ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ БАСТЫ БАҒЫТЫ

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті бекіткен «Заң және тәртіп» идеологемасын ілгерілету жобалары аясында еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында 2025 жылғы 21 қараша – Дүниежүзілік балалар күніне орай «Полиция және балалар – бірге қауіпсіздік үшін» атты республикалық акция бастау алды. Бұл бастама жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, заң талаптарын құрметтеуге және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды шара болып отыр.
Аталған акция «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарымен толық үндеседі. Бағдарламада көрсетілгендей, жас азаматтың бойында жауапкершілік, әділдік, заңға құрмет, қоғам алдындағы міндетін сезіну секілді қасиеттерді қалыптастыру – тәрбиенің негізгі бағыты. Осы мақсаттарды жүзеге асыруда оқу орындарындағы құқықтық іс-шаралар шешуші рөл атқарады. Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №78 жалпы білім беретін мектепте акция аясында бірыңғай мазмұндама жұмыстары ұйымдастырылды. 7-8 сынып оқушылары «Заң мен тәртіп» тақырыбы бойынша өз ойларын қағаз бетіне түсіріп, құқықтық нормалардың қоғам өміріндегі маңызын түсіндіруге тырысты. Олар жауапкершілік пен әділдік секілді құндылықтарды адамның өміріне бағыт-бағдар беретін негізгі принциптер ретінде қарастырып, заңды құрметтеу – әрбір азаматтың борышы екенін атап өтті. Бұл жұмыс оқушылардың құқықтық ойлауын дамытып, өз құқықтары мен міндеттерін түсінуге мүмкіндік берді. 9-11 сынып оқушылары «Полиция мен балалар – қауіпсіздік үшін бірге» тақырыбында мазмұндама жазды. Жоғары сынып жастары қоғамдағы полиция қызметінің рөліне, тәртіпті сақтау ісіндегі әріптестік пен өзара сенімге тоқталды. Олар қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек тәртіп сақшыларының ғана емес, бүкіл қоғамның, соның ішінде жастардың да ортақ міндеті екенін өз ойларымен жеткізді. Бұл пікірлер жас ұрпақтың азаматтық жауапкершілігін арттырып, қоғамдық ортадағы тәртіпке саналы көзқарас қалыптастыруға ықпал етті.
Мұндай бірыңғай мазмұндама жұмыстары «Адал азамат» бағдарламасының негізгі міндеттерін іске асыратын тиімді құралдардың бірі саналады. Оқушылар заң талаптарын білу арқылы қоғамдағы мінез-құлық нормаларын меңгереді, қауіпсіз орта қалыптастырудың маңызын түсінеді және құқық қорғау органдарымен ашық әрі сенімді байланыс орнатуға үйренеді. Сонымен бірге бұл акция балалар мен полиция арасындағы өзара түсіністі нығайтып, ортақ қауіпсіздік жауапкершілігін сезіндіреді. Заңды құрметтейтін, қоғам қауіпсіздігіне бейжай қарамайтын буын тәрбиелеу – Адал азамат бағдарламасының басты мақсаты. Осы тұрғыдан алғанда, №78 мектепте өткізілген шаралар жасөспірімдердің азаматтық мәдениетін қалыптастыруда маңызды қадам болып саналады.



