ПІКІРСАЙЫС – ҚҰҚЫҚТЫҚ САНАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ МАҢЫЗДЫ ҚҰРАЛЫ

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №78 жалпы орта білім беретін мектебінде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 9-сынып оқушылары арасында танымдық әрі тәрбиелік мәні зор дебат сайысы ұйымдастырылды. Бұл шара жасөспірімдердің ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, олардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған тәрбие жұмысының тиімді үлгілерінің бірі болды.
Өткізілген дебат «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құқықтық мәдениет пен жауапкершілікке қатысты негізгі қағидаларымен тікелей үндеседі. Бағдарламада жасөспірімнің қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуі, дұрыс шешім қабылдай алуы және заң нормаларын құрметтеуі – тұлғалық дамудың маңызды көрсеткіші ретінде қарастырылған. Дәл осы бағыттарды оқушылар дебат барысында терең талқылап, өз ойларын жүйелі түрде жеткізді. Сайыс барысында оқушылар құқықтық мәдениет, жеке жауапкершілік, өз әрекетінің салдарын түсіну, интернеттегі қауіпсіздік сияқты бүгінгі күннің өзекті мәселелерін көтерді. Олар цифрлық ортадағы қауіптерге тоқталып, жалған ақпарат, кибербуллинг, жеке мәліметтерді қорғау тәрізді тақырыптар бойынша өз көзқарастарын білдірді. Бұл оқушылардың ақпараттық сауаттылығын арттырып, саналы медиақолданушы болуға ынталандырды. Құрдастар арасындағы сыйластық та пікірталастың негізгі өзегіне айналды. Бір-бірін тыңдау, қарсы тараптың ойына құрметпен қарау, дәлелді пікір айту – дебат мәдениетінің басты қағидалары. Осындай ортада жасөспірімдер өзара түсіністікке, тіл табысуға және мәдени қарым-қатынас орнатуға үйренеді. Бұл қасиеттер «Адал азамат» бағдарламасының өзара сыйластық пен бейбіт мінез-құлық қағидаттарымен толық сәйкес келеді. Дебат сайысы оқушыларға өз ойын еркін жеткізуге, көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын дамытуға, логикалық ойлау қабілетін жетілдіруге жағдай жасады. Сонымен қатар бұл шара олардың құқықтық сауаттылығын арттырып, әрбір әрекеттің салдары бар екенін түсінуге, жауапкершілікті сезінуге ықпал етті.
Осындай іс-шаралар оқушылардың тұлғалық қалыптасуына, азаматтық мәдениетін дамытуға және қоғамға жауапкершілікпен қарауға үлкен септігін тигізеді. Мектептегі дебат алаңы – жасөспірімдердің дұрыс таңдау жасауына, саналы азамат болып өсуіне жол ашатын маңызды тәрбие кеңістігі.

