АДАМИ КАПИТАЛДЫ ДАМЫТУ АЙРЫҚША МӘНГЕ ИЕ

ҚР Президентінің Жолдауы аясында М.Әуезов атындағы ОҚУ колледжі жастарымен «New public management» тақырыбында кездесу өтті.

AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Жанар Бектаева, қалалық мәслихат депутаты Бақыт Қыдырбаев Мемлекет басшысының Жолдауындағы басым бағыттарға тоқталып, оны іске асыру мәселелерін талқылады.  Спикерлер жаңа экономикалық саясат, жастар кәсіпкерлігін дамыту, әлеуметтік саланың әлеуетін көтеру, адами капиталды дамыту, саяси реформаларды жан-жақты түсіндіріп берді. «Мемлекет басшысы өз Жолдауында ел дамуының алдағы басым бағыттарын нақтылап берді. Адами капиталды дамытуға жеткілікті қолдау көрсетілуде. Қазір білім, медицина саласында жаңа технологиялар енгізіліп, бәсекелестік артып келеді. Бәсекелестік заманында білім алып, өз салаларыңның үздік маманы болуларың керек», – деді Ж.Бектаева.

Мәслихат депутаты Б.Қыдырбаев ендігі кезекте «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстанып, жастарды Әділетті Қазақстанды құруға өз үлестерін қосуға шақырды. Колледж студенттері жастар кәсіпкерлігі, жеңілдетілген несие беру жөнінде өз сауалдарын қойды.

Айта кету керек, жуырда AMANAT партиясының Шымкент қалалық филиалында мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы басым бағыттарды талқылауға арналған жиын өткен еді. Партияның Абай аудандық филиалы ұйымдастырған пікірталас «Заң үстемдігі және әділетті қоғам» тақырыбында өтті. Партияның Абай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Есімхан Бертаев жүргізіп отырған жиынға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы, партия белсендісі Икрам Хашимжанов, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Бақытты жанұя» орталығы директорының орынбасары Ерлан Әлжанов, «Болашақ» бастауыш партия ұйымының мүшесі, Жол-көлік колледжі директорының орынбасары Берік Ешимов, «Ұлағат» бастауыш партия ұйымының мүшесі, партия белсендісі Жақсылық Ембай және мұғалімдер, студенттер қатысты.