7 ЖЫЛДА ӘЛЕУМЕТТІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МЕН ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫ ЕСЕЛЕП АРТТЫ

Түркістан облысының құрылғанына небәрі жеті жыл толса да, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылым саласындағы жетістіктері айрықша назар аударарлық. Әсіресе, тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік нысандардың бой көтеруі халықтың өмір сүру сапасын арттырып, облыстың дамуына тың серпін беруде.
Облыс құрылған 2018 жылдан бастап құрылыс қарқыны жыл сайын артып келеді. Егер жеті жыл бұрын облыстағы құрылыс жұмыстарының көлемі 140 млрд теңгені құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 536,2 млрд теңгеге жетіп, 3,8 есе артқан. Бұл – Түркістанның тек рухани емес, нақты инфрақұрылымдық тұрғыдан да өркендеп келе жатқанын көрсетеді. Халықтың баспанаға деген сұранысы – әлеуметтік тұрақтылық пен өмір сапасының негізгі индикаторы. Осы тұрғыда Түркістан облысы соңғы жеті жылда зор жетістікке жетті. 2018 жылы өңірде 388 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 1153 мың шаршы метрге дейін өсіп, 3 есеге артты. Бұл – жыл сайын мыңдаған отбасының жаңа баспанаға қол жеткізуі, тұрмыстық жағдайының жақсаруы деген сөз. Нақты дерекке ойыссақ, 8449 отбасы коммуналдық баспанамен қамтамасыз етілді. «7-20-25» бағдарламасы және «Отбасы банк» арқылы 5000-нан астам отбасы әлеуметтік кредиттік үйге ие болды. Жалдамалы пәтерақыны субсидиялау (50%) бағдарламасы бойынша 2000-нан астам отбасы қолдауға ие болды. Осы бағдарламалардың барлығы – халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыруға бағытталған нақты мемлекеттік қолдаудың нәтижесі. 2025 жылдың алғашқы жартысында өңірде 306,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 1 млн 60 мың шаршы метр үйді тапсыру көзделіп отыр. Бұл — 231 көпқабатты тұрғын үй, сонымен қатар жеке тұрғын үй құрылыстары есебінен берілетін баспаналар. Жоспарға сәйкес, көпқабатты үйлер – 428,8 мың шаршы метр, жеке тұрғын үйлер – 631,2 мың шаршы метр, жаңа баспана алатын отбасы саны – 6 891. Бұл көрсеткіштер Түркістан облысының құрылыс саласы мен тұрғын үй саясатының жүйелі, мақсатты және ұзақ мерзімді түрде іске асып жатқанын айқындайды.
Құрылыс саласының жандануы тек баспана салумен шектелмейді. Түркістан облысында денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт бағытындағы әлеуметтік нысандардың да құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл – адам капиталын дамытуға, өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты жұмыстардың белгісі. Түркістан облысында соңғы жеті жылда құрылыс саласы айтарлықтай жетістікке жетті. Бұл – Елбасының және Мемлекет басшысының Түркістанға берген айрықша мәртебесінің, Үкімет тарапынан көрсетілген қолдаудың және жергілікті әкімдіктің жүйелі жұмысының нақты нәтижесі. Құрылыс – тек кірпіш пен бетон ғана емес. Бұл – болашаққа қаланған негіз, әлеуметтік әділеттіліктің және халыққа деген қамқорлықтың көрінісі. Түркістан облысының бүгінгі дамуы – осы бағыттағы жоспарлы жұмыстың жарқын үлгісі.