ОҚУШЫЛАРДЫҢ ОЙЛАУ МӘДЕНИЕТІН ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ПІКІРСАЙЫС ӨТТІ

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №132 жалпы орта білім беретін мектебінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында және Дүниежүзілік балалар күніне арналған республикалық онкүндік жоспарына сәйкес «Интернетті білім алуда пайдалану: пайдасы мен қауіпі» тақырыбында дебаттық пікірсайыс өтті. 2025 жылдың 18 қарашасында өткен бұл іс-шара мектеп пікірсайыс клубы мүшелерінің белсенді қатысуымен ұйымдастырылып, оқушылардың ойлау мәдениетін, ақпаратты сұрыптау қабілетін және жеке көзқарасын дәлелдей білу дағдыларын дамытуға бағытталды.

Интернет – бүгінгі білім беру үдерісінің ажырамас бөлігі. Оның шексіз мүмкіндігі оқушыларға қажетті ақпаратты тез табуға, жаңа білім игеруге, цифрлық сауаттылығын арттыруға жол ашады. Дегенмен, пайдалы дереккөздермен қатар қауіп-қатердің де бар екенін ескермеуге болмайды. Желідегі жалған ақпарат, зиянды контент, кибербуллинг секілді қауіптер балалардың танымына әсер етіп, олардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін. Осы екіжақты құбылысты түсіндіру, талдау және салмақты пікір қалыптастыру – пікірсайыстың негізгі өзегі болды. Пікірталас барысында оқушылар интернеттің оқу процесіндегі рөлін жан-жақты талдап, оның тиімділігі мен қауіпсіз пайдаланылуы жөнінде өз ойларын ортаға салды. Қатысушылар өз дәлелдерін нақты мысалдармен бекітіп, қарсы тараптың пікірін тыңдап, логикалық тұрғыдан жауап беруге тырысты. Бұл тәсіл олардың сын тұрғысынан ойлауын дамытып қана қоймай, ақпараттық заманда саналы таңдау жасауға тәрбиеледі. Пікірсайыс дағдыларын қалыптастыру – «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының маңызды бағыттарының бірі. Бағдарлама жасөспірімдерді адалдыққа, жауапкершілікке, ашық пікір алмасуға және өз көзқарасын құрметпен жеткізуге баулиды. Дебат барысында оқушылар дәл осы құндылықтарды тәжірибе жүзінде қолданды: еркін сөйледі, қарсы пікірге төзімділік танытты, бір-бірінің ойын құрметтеуге үйренді.

Оқушылардың ой өрісін кеңейтіп, қоғамдық мәселелерге бейжай қарамауға тәрбиелейтін мұндай іс-шаралар тұлғаны жан-жақты дамытудың тиімді құралы. Бұл пікірсайыс та өз кезегінде оқушылардың ақпараттық мәдениетін арттырып, интернетті қауіпсіз әрі дұрыс пайдалану дағдыларын қалыптастыруға ықпал етті. №132 мектепте өткен пікірталас жасөспірімдердің саналы таңдау жасай алатын, ақпараттық ортада жауапкершілікпен әрекет ететін, ойлы шешім қабылдайтын азамат болып қалыптасуына жол ашты. Бұл – білім беру ұйымындағы тәрбиелік жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсететін маңызды қадам.