ТҰРАН ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ӨТІНІШІ ОРЫНДАЛДЫ

«AMANAT» партиясы Тұран аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне қала тұрғынынан түскен өтініш негізінде тағы бір өзекті мәселе шешімін тапты. Тұрғын Гагарин көшесіндегі №14 үй ауласында орналасқан бірнеше орындықтың ескіріп, қолайсыздық туындатып отырғанын жеткізіп, оларды жөндеуден өткізу қажеттігін атап өткен болатын. Аулада көпшілік пайдаланатын орындықтардың тозуы тұрғындардың демалып отыруына да, балалардың уақыт өткізуіне де қолайсыз әсер етіп келген.
Өтініштің түсуімен-ақ Тұран аудандық партия филиалы мәселені назарға алды. Партияның Атқарушы хатшысы Есімхан Қалмаханұлы жағдаймен танысып, қажетті шараларды қабылдау үшін Тұран ауданы әкімдігіне хабарласатынын айтты. Бұл – «AMANAT» партиясының тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді дер кезінде тиісті органдарға жолдап, олардың шешілуіне ықпал етудегі тұрақты ұстанымының көрінісі. Аудан әкімдігі өтініш бойынша тиісті құрылымдарға тапсырма беріп, абаттандырылған нысандарды күтіп ұстауға жауапты «Тұран» КММ бөлімінің мамандарын аталған мекенжайға жіберді. Мамандар ауладағы орындықтардың жағдайын тексеріп, тозған бөліктерін жөндеуден өткізді, қажет болған жерлеріне жаңарту жұмыстарын жүргізді. Осылайша, көптен бері тұрғындарды алаңдатып жүрген кемшіліктер ретке келтіріліп, ауладағы қоғамдық кеңістік қайта қолайлы жағдайға жеткізілді. Аталған мәселенің жедел шешілуі – тұрғындардың өтінішіне деген назардың артып келе жатқанын көрсетеді. Қоғамдық қабылдаулар барысында түскен әрбір ұсыныс пен шағымды мұқият қарау арқылы партия филиалы азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты істер атқарып отыр. Бұл жолы да тұрғынның өтініші жауапсыз қалмай, тиісті мекемелердің жедел әрекеті нәтижесінде оң шешімін тапты.
Тұран аудандық партия филиалы қоғамдық қабылдауларды тұрақты түрде өткізіп, азаматтардың көтерген мәселелерін бақылауға алуды жалғастыруда. Мұндай шаралар тұрғындардың өмір сүру ортасын жақсартуға, аула мен көшелердегі қолайлы жағдайды қалыптастыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар, халық пен жергілікті билік арасындағы байланыс нығайып, өзара сенім арта түседі. Гагарин көшесі №14 үй ауласының тұрғындары орындықтардың жөнделгеніне ризашылықтарын білдіріп, осындай мәселелерге дер кезінде көңіл бөліп отырған партия өкілдеріне алғыс айтты. Бұл қабылдау да «AMANAT» партиясының тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына мән беріп, нақты нәтижеге бағытталған жұмысының бір дәлелі болды.



