ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫ АРТТЫРУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛІП КЕЛЕДІ

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №132 жалпы орта білім беретін мектепте 8-10 сынып оқушыларына «Жасөспірім және қылмыс» тақырыбында арнайы құқықтық тренинг өткізілді. Іс-шараны мектептің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Калменов Асылхан Ерімханұлы, мектеп психологы Айтбаева Алуа Музафарқызы, сондай-ақ Қаратау АПБ ҚҚБ ЮПБ УПИ полиция лейтенанты Тәжібай Мейрамбек Орынханұлы және УПИ аға полиция майоры Булат Асхат Тайырханұлы ұйымдастырды.

Тренингтің негізгі мақсаты – оқушыларға құқық бұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу және қоғам алдындағы жауапкершілікті түсіндіру болды. Іс-шара барысында оқушыларға «құқық бұзушылық», «алаяқтық», «буллинг» сияқты терминдер түсіндіріліп, олардың түрлері, зардаптары мен қоғамға тигізетін әсері жан-жақты айтылды. Сонымен қатар, жасөспірімдер мен 16 жасқа дейінгі балаларға мопед, мотоцикл және басқа да техникалық құралдарды басқаруға қатаң тыйым салынатыны ескертілді. Бұл ереже олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жауапкершілікті сезінуге бағытталған маңызды шара ретінде ұсынылды. Тренинг барысында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, пікірлерімен бөлісті. Психологтың қолдауымен және полиция қызметкерлерінің нақты мысалдарымен оқушылар құқық бұзушылықтың салдарын түсініп, болашақта заңға сәйкес өмір сүру қажет екенін ұғынды. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында ұйымдастырылған бұл іс-шара жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, олардың саналы және жауапты азамат болып өсуіне ықпал етеді десек, артық айтпаған болар едік. Құқық бұзушылықтың алдын алу, қауіпсіздік ережелерін сақтау және өзара сыйластық қағидаларын үйрену арқылы оқушылар өз өміріне және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік алды.

№132 мектептегі «Жасөспірім және қылмыс» тренингі жас ұрпақты құқықтық сауатты, ойлы және мәдениетті азамат ретінде тәрбиелеуге бағытталған нақты қадамдардың бірі болды. Бұл тәжірибе оқушылардың моральдық және құқықтық сана сезімін арттыруға, сыныптағы және қоғамдағы қауіпсіз ортаны қалыптастыруға үлес қосты. Мұндай бағыттағы кездесулер мен тренингтер аталған білім ордасында ұдайы ұйымдастырылып келе жатыр. Ондағы басты мақсат — оқушылардың жан-жақты дамуына мұрындық болу.