«ЛАЙЫҚТЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕЙІК» ТАҚЫРЫБЫНДА СЕМИНАР ӨТТІ

2025 жылдың 11 қарашасында Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №97 жалпы орта білім беретін мектебінде жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ оқушылардың әлеуметтік жауапкершілігін нығайту мақсатында кең ауқымды танымдық кездесу ұйымдастырылды. Бұл жиында түрлі сала мамандары оқушылармен еркін форматта әңгімелесіп, өмірлік маңызы бар бағыттар бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Кездесуге Еңбекші ауданы әкімі аппаратының бас маманы Дастан Сегізханов, Шымкент қаласы психикалық денсаулық орталығының психологы Умарова Айнур Полатовна, Шымкент қаласы дін істері басқармасының теолог маманы Амангелді Нұрдаулет Бахытұлы, Кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің психологы Айтжанова Гүлнара Турмахановна мен әдіскер Айтпенова Баян Мырзахановна, «Серғали – Туркестан» АҚБ жоба үйлестірушісі Ержан Абуталиев және БЖСМ №20 мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұркен Төлегенов қатысты. Олар 8-11 сынып оқушыларымен кездесіп, өз салалары бойынша мазмұнды әрі пайдалы ақпарат берді. Жиын барысында құқықбұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдер арасындағы нашақорлыққа жол бермеу, психологиялық сауаттылықты арттыру, киберқауіпсіздік пен әлеуметтік желілердегі жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру, ерте жүктіліктің салдары, адам саудасының белгілері, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғану жолдары, сондай-ақ кереғар діни ағымдардан сақтану мәселелері жан-жақты түсіндірілді. Мамандар қауіпті жағдайларды тану тәсілдеріне тоқталып, күнделікті өмірде өзін және жақындарын қорғаудың тиімді жолдарын атап өтті. Оқушылар мамандарға көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, өздеріне қажетті нақты ақпарат алды. Әсіресе психологиялық қолдау, өмірлік қиындықтарда көмек сұрау мәдениеті, достар ортасындағы қысымға қарсы тұру, жеке пікірді қорғау секілді тақырыптар оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Бұл бағыттағы пікір алмасу жасөспірімдердің ой-өрісін кеңейтіп, саналы шешім қабылдау дағдысын дамытуға ықпал етті.
Осындай кездесулер мектеп пен қоғам арасындағы байланысқа серпін беріп, оқушыларға дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, олардың құқықтық және әлеуметтік мәдениетін қалыптастыруға үлкен мүмкіндік туғызады. Ал мамандармен ашық диалог орнату жасөспірімдердің өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауына, зиянды әрекеттерден бойын аулақ ұстауына және болашаққа сеніммен қадам басуына жол ашады.



