САУРАНДАҒЫ ӨНДІРІС АЙМАҚТАРДА 140-ҚА ЖУЫҚ ҒИМАРАТТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Түркістан облысы Сауран ауданында 2025 жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 71,4 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 105,7 пайызға артты. Бұл көрсеткіш өңірде кәсіпкерлікті қолдау және өндіріс әлеуетін арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесін көрсетеді. Аудан аумағында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында бірнеше өндірістік алаңдар құрылған: «Шаға», «Жүйнек», «Қарашық», «Иассы», «Үшқайық», «Қосмезгіл» және тамақ өнімдерін өндіретін «ДәмОрда» өндірістік аймақтары. Сонымен қатар, Оранғай ауылдық округінде «TURAN» арнайы экономикалық аймағы да қызмет етуде.
Аталған өндіріс аймақтарында 136 өндіріс ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда 60 ғимарат толық аяқталып, іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында қаралып, жауапты тұлғаларға инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту бойынша нақты тапсырмалар берілді. Облыс басшысы Нұралхан Көшеров: «Инвестиция көлемін арттыру, жаңа жобаларға қолайлы жағдай жасап, инвесторлармен тығыз жұмыс жүргізу қажет. Өндірістік аймақтар мен индустриялық парктерді қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесін жедел шешу керек. Келісілген жобалар бойынша құрылыс жұмысы уақтылы басталмаса, оның жауапкершілігі қайтарылатынын ескертемін», – деп атап өтті.
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров өз баяндамасында әрбір өндірістік аймақтың іске қосылу барысын баяндады. Мысалы, «Шаға» өндіріс алаңында 40 нысанның құрылысы аяқталып, 16 өндірістік ғимарат іске қосылды. Бұл жаңа жұмыс орындарының құрылуына нақты үлес қосып, 700 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Қалған 24 ғимаратқа жабдықтар орнатылып, 15 ғимарат бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Оранғай ауылдық округіндегі «TURAN» арнайы экономикалық аймағында құны 69,2 миллиард теңгені құрайтын 4 жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, «Кентау көпсалалы зауыты» ЖШС уран өндіруге арналған қажетті құбырлар шығаратын зауыттың құрылысын жүргізуде, «Bereke plastic» ЖШС бірреттік пайдалануға арналған ыдыс шығаратын зауытты іске қосады. Сонымен қатар, «Orzax» ЖШС диеталық қоспалар мен дәрумендер шығаратын зауыттың құрылысына наурыз айында кіріседі. «Diamond Steel Co Ltd» ЖШС металл өндіру зауытының іргетасы қалануда. Қарашық ауылында 10 гектар жер бөлініп, 14 цехтың құрылысы басталды, оның ішінде 3 цех толық аяқталды. Наурыз айында қосымша 5 цехтың құрылысы басталмақ. Бұл өндіріс алаңында жиһаз, пластик өнімдері, құрылыс материалдары және тігін цехтары орналасады, 170 жаңа жұмыс орны ашылады.
Иассы ауылында 9 гектар жерге 21 цехтың құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда 4 цех толық аяқталып, жабдықтары орнатылуда. Мұнда жиһаз, пластик өнімдері, құрылыс материалдары өндіріліп, тігін цехтары жұмыс істейтін болады, бұл 430 жаңа жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Жүйнек ауылында өндірістік алаң үшін 30 гектар жер бөлініп, 16 цехтың құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 12 цех толық аяқталып, 6 цех іске қосылды. Мұнда 6 жиһаз шығаратын цех және 10 құрылыс материалдарын өндіретін цех орналасып, 550 жаңа жұмыс орны ашылды. «Үшқайық» өндіріс алаңында 18 гектар жерге 16 жиһаз шығаратын ғимарат салынуда. Қосмезгіл ауылында 8 гектар алаңға 10 браунфилд жобасы жоспарланып, қазіргі таңда 3 өндіріс ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Еңбекші Дихан елді мекенінде 6,3 гектарға тамақ өнімдерін өндіретін «ДәмОрда» өндірістік алаңы салынуда, мұнда 18 цехтың құрылысы жүріп жатыр.
Ауданға шетелдік инвесторларды тарту бағытында да белсенді жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда 10-ға жуық инвест-жоба қолға алынған. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласында 2025 жылы 19,2 миллиард теңгеге инвестиция тартылды. Мал шаруашылығын дамыту үшін агро кешен жобалары іске асырылуда, 12 ауылдық округте 200 гектар жер белгіленіп, 206 мал бордақылау алаңы салу жоспарланған. Қазіргі таңда 56 алаңның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Үшқайық ауылдық округінде 28 гектар аумаққа балық шаруашылығын дамыту мақсатында 18 жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда 11 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде, жалпы құны 1 миллиард теңге. Бұл жобалар аяқталған кезде 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Қорытындылай келе, Сауран ауданында инвестициялық және өндірістік инфрақұрылымды дамыту, жаңа кәсіпорындар мен өндіріс аймақтарын құру арқылы өңір экономикасын нығайтуға бағытталған кешенді жұмыс жалғасуда. Жобалардың іске асуы жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, отандық өнім өндірісін арттыруға және инвесторлар үшін тартымды жағдай жасауға мүмкіндік береді.



