ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҰМЫС ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту және өңдеу саласын дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда. Өңірлік экономиканы жаңғыртуға арналған бұл бастамалар өңірлік инвестициялық штабтың мәжілісінде кеңінен талқыланды. Кәсіпкерлермен тікелей диалог орнатылып, жобалардың іске асу барысы, туындаған мәселелер және алдағы жоспарлар жан-жақты қаралды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров әрбір жобаның жағдайын тексеріп, жауаптыларға нақты тапсырмалар берді. Ол өңірде өндірісті тереңдету, шикізат экспорттаушы емес, дайын өнім өндіруші өңірге айналу қажеттігін атап өтті. «Әлемдегі оқиғалар бізге өндіріс пен терең өңдеу саласын дамыту керектігін тағы да көрсетті. Сондықтан әрбір жобаның жүзеге асырылуы қатаң бақылауда болады. Біз кәсіпкерлер мен инвесторларды отандық өнімді қолдауға міндеттіміз. Өңірдегі дүкен сөрелерінде бірінші кезекте отандық өнімдерге орын берілуі керек» деді ол. Сонымен қатар кәсіпкерлікке жауапты басқарма мен «Атамекен» палатасына нақты мониторинг жүргізіп, ұсыныстар енгізу міндеті жүктелді. Мәжілісті облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жүргізіп, жаңадан іске асырылатын инвестициялық жобалар қаралды. Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында бірнеше ірі жобаның жүзеге асырылуы жоспарланған. Солардың бірі – «Eurasian packing materials» ЖШС-нің скотч пен полипропилен қаптар өндірісі. Сонымен қатар «STRONEX» ЖШС аяқ киім және полимер өнімдерін шығаратын кәсіпорын ашпақ. «Platinum Industry» ЖШС дизель-генераторлық қондырғылар өндіретін зауыттың құрылысын жүргізеді. Бұл үш жоба аясында 200-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады.

Сондай-ақ Төлеби ауданында алюминий орамдарын өндіретін зауыт ашу және Түркістан қаласында көмір электр станциясының құрылысын жүргізу бойынша инвесторлардан өтініштер қаралып, тиісті қолдау көрсетілетіні мәлім болды. Мәжілісте 2026 жылы іске асырылатын жобалар және 2025 жылғы форум аясында қытайлық инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің нәтижесі туралы Сауран ауданы мен Кентау қаласының әкімдері есеп берді. Барлық жобаларға тиісті тапсырмалар берілді. Статистикалық деректерге сүйенсек, өткен 11 айда Түркістан облысына 1,4 триллион теңге көлемінде инвестиция тартылды. Өңірдегі өнеркәсіп қарқыны артты: 57 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 310 жаңа жұмыс орны құрылды. Облыстың индустриалды әлеуетін дамыту мақсатында 20 индустриалды аймақ пен «TURAN» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Индустриалды аймақтарда 39 миллиард теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды. Ал «TURAN» арнайы экономикалық аймағында 223 миллиард теңгеге 20 ірі жоба жүзеге асырылуда. Бұл көрсеткіштер өңірдегі өндірістік қуаттың артып келе жатқанын және инвестициялық тартымдылықтың жоғары екенін дәлелдейді.

Облыс әкімі атап өткендей, өңірде өндірісті дамыту – тек экономикалық өсім үшін емес, отандық өнімді қолдау, халыққа сапалы тауар жеткізу және жұмыс орындарын көбейту үшін маңызды. Барлық жобалардың сапалы іске асуы қатаң бақылауға алынған. Түркістан облысында отандық өнімге басымдық беру, кәсіпкерлер мен инвесторлардың әлеуетін тиімді пайдалану өңірдің индустриялық және әлеуметтік дамуына жаңа серпін бермек. Жалпы алғанда, Түркістан облысында индустриалды және инвестициялық жобаларды жүйелі дамыту, отандық өнімді қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар өңір экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етіп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға айтарлықтай үлес қосады.