АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТЕХНИКАЛАРЫ МЕН СЕРВИСТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ЖАЙЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытындағы маңызды кездесулердің бірі облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен «Eurasia Group AG» компаниясының Бас операциялық директоры, сондай-ақ «Eurasia Group Kazakhstan» компаниясының Бас директоры Сергей Глокке арасында өтті. Кездесу барысында өңірде ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, олардың сапалы сервистік қызметін қамтамасыз ету және агротехнологияларды жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды.

Облыс басшысы жаңа бастамаларға ашық екенін айтып, жобаларды іске асыруға толық қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сонымен қатар ол өңірдегі ауыл шаруашылығы өндірісінің даму әлеуетін атап өтті. Нұралхан Көшеровтің айтуынша, Түркістан облысы Қазақстандағы аграрлық өнім өндіру көрсеткіштері бойынша көшбасшылардың бірі болып табылады. 2025 жылы облыста жалпы өнім көлемі 4,532 млн тоннаға жетіп, ауыл шаруашылығы өндірісінің өсуі қамтамасыз етілген. «Біз бұған дейінгі келіссөздер нәтижелерін жоғары бағалаймыз және серіктестігімізді одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Ауыл шаруашылығы – Түркістан облысы экономикасының драйвері. Бүгінгі таңда өңірде 28 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы бар, олардың 40%-ы ескірген. Сондықтан техника құрастыру, жаңарту мәселесі біз үшін аса маңызды. Облыстың климаттық орналасуы ауыл шаруашылығын дамыту үшін өте қолайлы. Индустриялық аймақтар мен «Turan» арнайы экономикалық аймағы сияқты негізгі инвестициялық алаңдарда инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелері ұсынылады, сондай-ақ салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Жаңа жобаларға қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз» деді Нұралхан Көшеров.

Облыс әкімі сондай-ақ жаңа жобаларға қажетті мамандарды дайындау үшін өңірдегі колледждердің әлеуетін пайдалану ұсынысын айтты. Бұл ұсыныс ауыл шаруашылығы саласындағы білікті кадрларды дайындау және техниканы тиімді пайдалану деңгейін арттыруға бағытталған. Компания өкілдері Түркістан облысында ауыл шаруашылығы техникаларына жүргізілген талдаулар нәтижелерімен бөлісіп, өз ұсыныстарын ұсынды. Олар ауыл шаруашылығы техникаларын шығару және сервистік қызмет көрсету бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді. «Eurasia Group Kazakhstan» өкілдері бұл бастамалардың жемісті боларына сенім білдірді. Айта кетейік, «Eurasia Group Kazakhstan» – ауыл шаруашылығы техникасы, жабдықтары және агротехнологиялары нарығында жұмыс істейтін қазақстандық компания. 2002 жылы құрылған бұл компанияда 500-ге жуық қызметкер еңбек етеді. «Eurasia Group Kazakhstan» ауыл шаруашылығы техникасын және бірегей қосалқы бөлшектерді көтерме жеткізуді жүзеге асырады, сонымен қатар сервистік сүйемелдеуді, техникалық қызмет көрсету мен жөндеуді, агроменеджмент қызметтерін және операторларды оқытуды қамтамасыз етеді. Компанияның қызмет спектріне егіншілік саласындағы цифрлық шешімдерді енгізу де кіреді. Қазақстан бойынша компанияның 14 өкілдігі бар, бұл қызметтердің ауыл шаруашылығы саласына кең көлемде қолжетімді болуына мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысында облыс әкімдігі мен «Eurasia Group Kazakhstan» компаниясы өңірде ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, сервистік қызметті жетілдіру және білікті кадрларды даярлау бағытында бірлескен жұмыстарды одан әрі кеңейтуге уағдаласты. Бұл бастама Түркістан облысының аграрлық саласының дамуына айтарлықтай серпін беріп, отандық ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемін арттыруға және өңірдің экономикасын тұрақты нығайтуға үлес қосатыны сөзсіз.