АССАМБЛЕЯ БАСТАМАСЫ БАРШАДАН ҚОЛДАУ ТАБУДА

208
0

1

Биылғы жылды Қазақстан халқы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» деп қабылдады. Бұл Елбасының сан ұлттың басын бейбіт күнде біріктіріп отырған өнегелі саясатына байланысты айтқан ұсынысына деген кең қолдау болғандығын әр азамат жан жүрегімен сезінді. Заманның қиын кезінде қашан да қолтығы кең, құшағы ашық халықты паналап келген ондаған ұлттың зәбір шеккен азаматтары үшін бұл күндері Қазақстан олардың екінші Отанына айналды.

Әлемді дағдарыстың дауылы кәдімгідей сескендіріп отыр. Қуаты мол, әлеуеті артқан талай мықты елдердің экономикасы мұхитта жүзген халықтай қалтылдайтын хәлге жетті. Дағдарыс өрті бұған дейін де бүкіл әлемді өзінің отты шарпуымен бір рет есеңгіреткен болса, мынау соның одан гөрі екпінділеу екінші легі. Қазақстан бұрынғы дауылдан халқының басына қиындық тудырмай, көп салалар бойынша оның болғанын біліндірмейтіндей жағдайда өткен еді. Расы керек, халық соның өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағыдай қиямет қаталдықты, жетіспеушілікті, әлеуметтік күнкөрістің қиыншылықтарын оншалықты сезіне қоймады. Мемлекет басшысы өзінің қашанғысындай сарабдал көрегенділігімен алдын болжап, сол сын сәттерге қарсы тұрудың жүйелі жоспарларын жасауға пәрмен берді. Үкімет істі дер кезінде қолға алып, барлық шараларды қолданды. Соның нәтижесі қара халықтың иығына жүк болып түспеді.
«Айналып соққан жау жаман» демекші елді тығырыққа тірейтін, оның экономикасын әлсіретіп, әлеуметтік ахуалын тұншықтыратын дағдарысқа қарсы тұруға бүкіл әлем мемлекеттері қолдан келер қарекеттерін жасап бағуда. Бұл жолғы дауылдың екпіні бұрынғысындай сырт айналып кетпей, біздің елге де біраз сынақ болатын түрі бар. Бұл бүгінгі билік тарапынан ашық айтылуда. «Қамдансаң қапы қалмайсың» деген сөз бекер айтылмаған. Көппен бірге көреміз деп қол қусырып отыру уақыттың бүгінгі сындарлы сәтіне жауап беріп, дауылдың екпінінен аяушылық білдіріп, ешкімді де тыс қалдырмайды. Жақында ғана өткен Үкіметтің үлкен мәжілісінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев ешнәрсені жасырып-жаппай, бүркемелемей, өз халқының алдында алдағы күндердің ауыр салмағының қандай болатындығын ашып айтты. Біз мына мәселені естен шығармауымыз керек. Әлемнің бес құрлығының халқы сындарлы сәттің жақындағанын сезіп, оған қарсы тұрудың жолдарын ойластырып жатқан кезде Қазақстанның Президенті өзінің «Нұрлы Жол-болашаққа бастар жол» атты тарихи Жолдауын жария етті. Сөйтіп, таяу мерзімде асқан жауапкершілікпен атқаратын ең негізгі дағдарысқа қарсы тұратын міндеттерді сала-салаға бөліп, саралап берді. Бүкіл ел қазір осы бағытта жұмыс жасауда.
Күні кеше Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшелері бас қосып, Үндеу жариялады. Онда осы Ассамблеяның ҚР Парламенті Мәжілісіндегі депутаттық тобына, саяси партияларға, үкіметтік емес ұйымдарға және бүкіл Қазақстан халқына Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге шақыру жолдады. Болашаққа деген үлкен жауапкершілікті сезіне отырып, Отанымыздың патриоттары ретіндегі бұл бастама қазір кең қолдауға ие болды. Елдің саяси партиялары, Парламенттің депутаттары, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері бұған өздерінің үнін қосуда. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек, «Ақжол» партиясының жетекшісі А.Перуашев, Коммунистік партияның басшысы В.Косарев пен депутаттар арасынан Р.Халмурадов, Қ.Сұлтанов, Н.Нестерова, ұлттық этномәдени орталықтардың басшылары А.Дедерер, Г.Аннакулиевалар алғашқылардың қатарында ел алдында, баспасөз беттерінде, телеарналарда өздерінің ашық пікірлерін, сенімді ойларын айтып, үндеуді толығымен қолдайтындығын білдірді. Жақын мерзімде елдің дамуына кең және жаңаша жол ашатын сайлау өткізу бастамасын өте орынды деген пікірлерін жария етті. Қазіргі таңда мерзімінен бұрын сайлау өткізу жөніндегі ассамблеялықтардың бастамасы бүкіл елді қамтыды, оны қарапайым халықтың өзі қолдап, толығымен қуаттап отыр.
Шындығында да осы сайлаудың мерзімінен бұрын өткізілуіне нендей салдарлы себеп болды деген орынды сауал туындар болса, ол біздің еліміз үшін халықтың игілігі, елдің келешек кемел баяндылығы және әлеуеттің әлеуметтік жағдайының төмендемеуін мақсат тұтқан игі ниеттен бастау алып отыр. Үндеудің ең басты бағдарлы ұстанымы жөнінде айта келіп, оған қол қоюшылар «Жаһандық сын-қатерлер кезеңінде еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанды дағдарыстан алып шығуына мүмкіндік беретін жаңа сенім мандаты берілуі қажет» деп атап көрсетіп, өз бастамаларын жаппай қолдауға шақырған. Көпшіліктің көкейінде жүрген осы игілігі мен қайтары мол болатын, келешекке нақты негіз қалайтын бағдарламаны орындайтын адам – оның идеясын тудырған және соған өзі ғана басшылық жасайтын жан болуы тиіс. Өйткені бұған дейін «Қазақстан-2020», «Қазақстан-2030» бағдарламаларын ұсынып, оны өзінің басшылығымен дәйекті түрде жүзеге асырған саяси үлкен тұлға Н.Назарбаев қазір елдің алдына стратегиялық мәні зор «Қазақстан-2050» бағдарламасын қойып отыр. Жақында жалпыхалықтың кең қолдауына ие болған «Нұрлы Жол» аясындағы міндет, алар асу, жарқын болашаққа негіз болатын жоспарларды Елбасының басшылығымен орындағанда ғана біздің мемлекет сындарлы шақтан сүрінбейтіндігіне ел үлкен үміт артады, халық сенім білдіреді.
Ұсыныс жасалынды. Ол қолдауға ие болды. Таяу мерзімде қазақстандықтар Елбасы келісім берген жағдайда тағы бір тарихи ұлы оқиға – сайлау күнінің өтетін мерзімінен де толық хабардар болады.

Б.ЖҮЗБАЙҰЛЫ.