ЖАҢА СӘУЛЕТТІК ЖОБАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен сәулеттік жобалар жөніндегі кеңестің кезекті мәжілісі өтті. Кеңес жұмысына сала басшылары, жауапты басқарма өкілдері және инвесторлар қатысып, өңірдің сәулеттік келбетін жақсарту мен инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобаларды жан-жақты талқылады.

Облыс басшысы әрбір жобаны егжей-тегжейлі сараптап, сарапшылардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады. Нұралхан Көшеров арнайы экономикалық аймақтарда жүзеге асырылатын жобаларды қолдайтынын айтып, құрылыс жұмыстарын уақтылы бастау мен жауапты басқарма мен мамандардың сараптауынан өтуін міндеттеді. Сонымен қатар, аудандардың сәулетін жақсарту және абаттандыру бағытындағы ұсыныстардың уақытында жүзеге асырылуына ерекше мән берді. Кеңесте өңірдің сәулеттік келбетін дамытуға бағытталған 13 мәселе қаралды. Сарыағаш ауданында көшелерді және «Рамадан» каналы бойын абаттандыру жобалары талқыланып, Көктерек кентінің даму концепциясы мен санаторий орталығының жобасы ұсынылды. Отырар ауданында ортағасырлық үлгідегі қалашықты қалпына келтіру және туристерді тартуға бағытталған кешенді жобалар қаралды. Атап айтқанда, инвесторлар шөлдегі қонақүй, қабылдау орталығы, шығыс моншасы, ежелгі кітапхана мен мұражай салуды, сондай-ақ туристік орталық ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сонымен бірге Отырар мен Сауран арасында туристерге түйе керуенін ұйымдастыру ұсынысы да зерделеніп, іске асыру бағыттары белгіленді.

Түркістан қаласындағы жобаларға ерекше назар аударылды. «Жаңа қала» аумағында ресторан, кеңсе ғимараттары, ресторан кешені, қонақүй және медициналық туризм нысандары салу жобалары қаралды. Сонымен қатар теміржол вокзалы аумағын абаттандыру, 20 ғасырға тиесілі көне ғимараттарды қалпына келтіріп, туристік орталықтарға айналдыру мәселесі де күн тәртібіне енгізілді. Мұндай жобалар қаланың тарихи және заманауи сәулеттік бейнесін үйлестіріп, туристік әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Мәжілісте Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қуаныш Асанов, «Turan» арнайы экономикалық аймағы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Жасұлан Төлебаев және Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Әбілсейіт Рабаев ұсынылған жобалардың инвестициялық әлеуеті, қала инфрақұрылымына ықпалы және кешенді даму бағыттары туралы ақпарат берді. Кеңес қатысушылары жобалардың сапалы және тиімді іске асуы үшін өз ұсыныстарын айтты.

Мәжіліс қорытындысында Нұралхан Көшеров әрбір жобаны егжей-тегжейлі қадағалау қажеттігін атап өтті. Облыс әкімі сәулеттік талаптардың сақталуына, заманауи технологиялар мен ұлттық нақыштың үйлесуіне, тұрғындар үшін қолайлы және сапалы орта қалыптастыруға ерекше мән беру керектігін айтты. Бұл талаптар жаңа жобалардың тек экономикалық көрсеткішке ғана емес, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға да бағытталуын қамтамасыз етеді. Қорытындылай келе, Түркістан облысындағы сәулеттік жобаларды дамыту кеңесі өңірдің урбанизация, туризм және инвестициялық әлеуетін біртіндеп арттыруға бағытталған маңызды құрылымдық қадам болып отыр. Инвесторлар мен мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы нәтижесінде қала мен аудандардың сәулеттік келбеті жақсарып, инфрақұрылым жаңарып, туристік және әлеуметтік әлеует күшейе түседі. Бұл бағыттағы жобалар облыстың экономикалық дамуына серпін беріп қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, тарихи және мәдени мұраны сақтау, заманауи сәулет үлгілерін енгізу арқылы Түркістанды халықаралық деңгейде танымал туристік және инвестициялық орталыққа айналдыруға мүмкіндік береді.