ЖАҢА ӨНДІРІС АЙМАҒЫ ҚҰРЫЛАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасы аясында Сауран ауданында инвестициялық ахуалды арттыру, жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету және өңірдің индустриялық әлеуетін күшейту бағытында ауқымды шаралар қолға алынған. Осы мақсатта аудан әкімдігі мен ірі отандық және халықаралық компаниялар арасында тұрақты ынтымақтастық орнатылып, өндіріс саласын дамытуға бағытталған нақты қадамдар жасалып келеді.
Жуырда Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров «EURO SANDWICH PANEL» ЖШС мен Қытай Халық Республикасының CHONGQING JINJIAHANG CONSTRUCTION ENGINEERING CO., LTD компаниясы өкілдерімен ресми кездесу өткізді. Кездесу барысында инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы, оның стратегиялық маңыздылығы және одан әрі дамыту мүмкіндіктері жан-жақты талқыланды. Сауран ауданында жүзеге асырылып жатқан жоба аясында «EURO SANDWICH PANEL» ЖШС-не Шаға ауылдық округінен 2,5 гектар жер телімі бөлінген. Бұл аумақта сэндвич-панельдер мен металл конструкцияларын өндіретін зауыт, сондай-ақ электр қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған құрылғылар шығаратын өндіріс орнының құрылысы жүргізілуде. Сэндвич-панельдер қазіргі заманауи құрылыс индустриясында маңызды компонент болып саналады. Олар жылу және дыбыс оқшаулау қасиеттерімен ерекшеленеді, құрылыс материалдарының сапасын арттырады және құрылыс жобаларының тиімділігін қамтамасыз етеді. Бұл тұрғыда Саурандағы жаңа өндіріс нысаны өңірдегі құрылыс индустриясына қажетті өнімді толық көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Электр қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған құрылғылар әлемдік нарықта жоғары сенімділігімен танымал. Аталған құрылғылар 7 жыл көлемінде эксперименттік сынақтан өткен, қауіпсіздік талаптарына толық сәйкестігімен ерекшеленеді. Қазіргі таңда бұл өнім тек Қытай Халық Республикасында ғана өндіріледі, ал Сауран ауданында іске қосылатын зауыт импортты алмастыруға, ішкі нарыққа сапалы электр қауіпсіздік құралдарын жеткізуге, сондай-ақ экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Жобаның негізгі стратегиялық мақсаты – құрылыс және өнеркәсіп салаларын отандық сапалы өніммен қамтамасыз ету, өндірістегі қауіпсіздік деңгейін арттыру, импортқа тәуелділікті азайту және өңірдің индустриялық әлеуетін нығайту болып табылады. Жобаның жалпы инвестициялық құны 6,0 млрд теңгені құрайды. Ол толық іске қосылған жағдайда 65–70 жаңа тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген.
Инвестициялық жобаның маңыздылығы тек өндіріс көлемін арттыруда ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік аспектілерде де айқын көрінеді. Жобаның іске асырылуы аудан тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бұл, өз кезегінде, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және жергілікті экономикаға тұрақтылық енгізуге ықпал етеді. Сонымен қатар жаңа өндіріс орны аймақтағы өндірістік инфрақұрылымды дамытуға септігін тигізеді. Заманауи технологияларды енгізу арқылы өнімнің сапасы артады, өндіріс үдерісі автоматтандырылып, еңбек өнімділігі жоғарылайды. Жобаның іске асырылуы өндірістік қауіпсіздік деңгейін көтеруге, инженерлік құрылғылардың сенімділігін қамтамасыз етуге және электр қауіпсіздігі саласындағы нормативтерді сақтауға мүмкіндік береді.
Сауран ауданындағы бұл жоба инвесторларға жан-жақты қолдау көрсету қағидаларына негізделген. Аудан әкімдігі тарапынан жер учаскелерін бөлу, инфрақұрылымға қол жеткізу, әкімшілік және құқықтық қолдау көрсету механизмдері қарастырылған. Мұндай қолдау инвесторлардың сенімін арттырып, жобаның уақтылы іске асырылуына ықпал етеді. Облыс әкімінің тапсырмасымен іске асырылып жатқан бұл жобалар, әсіресе өнеркәсіптік әлеуеті төмен өңірлерде инвестициялық климатты жақсартудың нақты мысалы болып табылады. Жобаның жүзеге асырылуы арқылы өңірде индустриалды кластерлер құрылып, кәсіпкерлер үшін тиімді өндіріс алаңдары пайда болады. Сауран ауданында өндірілетін электр қауіпсіздігіне арналған құрылғылардың халықаралық нарыққа шығу әлеуеті бар. Бұл экспорттық бағыт өңірге қосымша табыс әкеліп қана қоймай, Қазақстанның электр жабдықтары нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Сонымен қатар жобада халықаралық тәжірибе – Қытайдағы өндірістік технологиялар мен стандарттарды енгізу арқылы өңірлік өндіріс сапасы жақсарып, әлемдік нарық талаптарына сай өнім шығаруға мүмкіндік береді.


