ТҮРКІСТАН: «ЖАСТАР ОРТАЛЫҒЫНДА» АТҚАРЫЛҒАН ИГІ ШАРА КӨП
Түркістан облысы – демографиялық өсімі жоғары аймақ. Соның ішіндегі 14-35 жас аралығындағы жастар саны 663 мыңнан асып, халық санының 30% құрайды. Түркістан қаласының өзінде бүгінде
72 мыңға жуық жас тұрады. Бұл – үлкен демографиялық көрсеткіш және адам капиталы. Түркістан қаласында жастарға қолайлы жағдайлар жасау мақсатында түрлі мәдени, спорттық нысандар бой көтерді. Соның бірі, міне, Түркістан қаласының «Жастар ресурстық орталығы» ғимараты болып отыр. Бұл ғимарат Түркістан жастарына шабыт беріп, елге қызмет ететін жастарды біріктіретін орталық болып отыр. Жастар орталығына арналған бұл нысан жергілікті бюджет есебінен бой көтерген болатын. Сәулеті мен салтанаты келіскен ғимарат тәулігіне 100-ден аса жасқа қызмет көрсетеді. Онда жастарға білімін көтеріп, салауатты өмір салтын ұстануға, шығармашылықпен айналысуға барлық жағдай жасалған. Орталық арнайы демалыс аймағы, стрит-воркаут алаңы, электронды кітапхана бөлмесі, үйірмелерге арналған бөлмелер, шағын спортзал және көпфункционалды залдарымен қамтамасыз етілген. Еріктілерге арнайы үлкен зал мен кинотеатр да қарастырылған. Айта кетейік, Түркістан қаласында 14-35 жас аралығында 71 486 жас бар. Қаладағы 2 жоғарғы оқу орында 12 265 студент білім алып жатыр. 8 орта арнаулы оқу орындарында студенттер саны – 7441. Түркістан қаласы бойынша жалпы орта мектептерде 7-11 сыныптарда 18 844 оқушы білім алуда. Мұнда жастар арасындағы тәрбие жұмысын тиімді жүргізу жұмыстары да жолға қойылған. Бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі болып отырғаны жасырын емес. Әсіресе, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, құқық бұзушылықтың алдын алу, әр түрлі жат діни ағымдардың теріс идеологиясына жастардың төтеп беруі, ұлтаралық келісімді нығайту сияқты тәрбие жұмыстарының басты бағыттары айқандалуды қажет етеді. Өйткені саналы адамзат баласы, жалпы қоғам және мемлекет жастар тәрбиесіне әрдайым ерекше көңіл бөліп, қаперден шығарған емес. Әсіресе отан қорғаушылар үшін тәрбие мен тәртіптің мемлекет алдындағы жауапкершіліктің бірінші кезекте тұратыны белгілі жағдай. Әл-Фараби бабамыздың: «Адамға бірінші тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілетін білім адамзаттың қос жауы. Ол келекшекте адам өміріне және қоғамға үлкен апат әкеледі” деген терең мағыналы қанатты сөзі бүгінгі біздің қоғам үшін де негізгі қағидаға айналды.
Жастар арасындағы тәрбие жұмысының негізгі бағыттары олардың ортасында орын алып отырған теріс құбылыстармен келеңсіз жайттарға қарсы жүргізілуі кезек күттірмес шаралар болып табылады.
Жастар тәрбиесіндегі қоғамымыздың алаңдатып отырған басты мәселенің бірі – жастар арасындағы қылмыс. Бастауы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдардан басталған мектеп оқушылары мен жоғарға оқу орындарының студенттері арасында бопсалау, ақша жинау әрекеттерінің тамырына әлі күнге дейін балта шаба алмай келеміз. Әскери бөлімдердегі «аталар» әрекеттерінен туындап жататын қылмыстар түрлері де тоқталмай келеді. Орта мектептер мен оқу орындарын «бақылау аймығына» ұстайтан топтар, өз биліген жүргізіп «общякқа» өздері орнатқан ортақ «қазынаға» ақша жинауды қалыпқа айналдырған. Бұл құқық қорғау органдарының алдында тұрған үлкен кемшіліктің бетін ашады.