ТҮРКІСТАН ТӨРІНДЕ МАҢЫЗДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Түркістан облысында цифрландыру және жасанды интеллект саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы орайда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Hikvision Kazakhstan» компаниясының өкілдерін қабылдап, өзара ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Кездесу барысында өңір басшысы жаңа бастамаларды іске асыруға облыс әкімдігі тарапынан қолдау көрсетілетінін айтып, ақпараттық технологиялар мен цифрландырудың өңір үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағанын еске салып, бұл бастама елімізде, соның ішінде Түркістан облысында IT саласын жаңа деңгейге көтеруге серпін беретінін жеткізді. Оның айтуынша, облыста цифрлық технологияларды дамытуға бағытталған нақты қадамдар жасалып келеді. Соның бір дәлелі – Түркістан қаласында цифрландыру және жасанды интеллект бағдарламалары бойынша мамандар даярлайтын Қазақ-Корей бірлескен Woosong Kazakhstan University оқу орнының ашылуы. Өңір басшысы «Hikvision» компаниясын тек технологиялық өнімдер ұсынатын алпауыт ретінде ғана емес, сонымен қатар инновациялық экожүйені қалыптастырудағы сенімді серіктес ретінде қарастыратынын айтты. Әсіресе, компания ұсынып отырған жаңа оқу орталығын құру бастамасы жастарды сапалы біліммен қамтып қана қоймай, оларды тұрақты жұмыспен қамтуға жол ашатынын атап өтті. Бұл бағыт облыстың әлеуметтік-экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі ретінде белгіленген.
Кездесу барысында «Hikvision» компаниясының жобалық бағытының директоры Ақан Құлжан компания қызметінің негізгі бағыттарына тоқталып, жоспарланып отырған жобалармен таныстырды. Оның айтуынша, компания Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті базасында арнайы оқу орталығын ашуды жоспарлап отыр. Бұл орталықта студенттер бейнебақылау технологиялары мен қауіпсіздік жүйелері бойынша теориялық біліммен қатар, практикалық тәжірибе алуға мүмкіндік алады. Жоба аясында университет заманауи бейнебақылау жабдықтарымен, қауіпсіздік жүйелеріне арналған технологиялық шешімдермен, демонстрациялық стендтермен және толыққанды әдістемелік базамен қамтамасыз етіледі. Бұл студенттердің оқу процесін тәжірибемен ұштастырып, еңбек нарығында сұранысқа ие маман болып қалыптасуына ықпал етеді. Сонымен қатар, оқу орталығының жұмысы барысында үздік студенттер іріктеліп, оқуын аяқтаған түлектерді «Hikvision» компаниясының серіктес ұйымдарына жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр.
Келіссөздер нәтижесінде Түркістан облысы әкімдігі мен «Hikvision Kazakhstan» компаниясы арасында бірлескен жобаны жүзеге асыру жөнінде меморандумға қол қойылды. Бұл құжат тараптардың цифрландыру, білім беру және инновация салаларындағы ұзақ мерзімді әріптестігін нығайтуға негіз болады. Айта кетейік, Hangzhou Hikvision Digital Technology Co., Ltd. – бейнебақылау және қауіпсіздік жүйелері саласындағы әлемдегі ең ірі компаниялардың бірі. Қытайлық технологиялық алпауыттың өнімдері 155-тен астам елге жеткізіліп, 2 400-ден аса серіктестер мен интеграторларды қамтитын кең халықаралық желі арқылы таратылады. Компания бейнебақылаумен қатар, ақылды үй жүйелері, тұтынушылық электроника, деректерді сақтау және өңдеу, интеллектуалды бейнеталдау, бет-әлпетті тану, сондай-ақ «ақылды қала» тұжырымдамасы аясында көлік ағындарын автоматтандырылған басқару бағыттарын да белсенді дамытып келеді.
Жалпы алғанда, бұл кездесу Түркістан облысының цифрландыру мен жасанды интеллект саласындағы әлеуетін арттырып, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған маңызды қадам болды. Алдағы уақытта осындай жобалар өңірдің технологиялық дамуын жеделдетіп, білікті кадрлар даярлауға және инновациялық экономиканы қалыптастыруға ықпал етпек.



