ӘЛЕУМЕТТІК МЕКЕМЕЛЕР ЖЕРГІЛІКТІ АЗЫҚ-ТҮЛІК ӨНІМДЕРІН ТҰТЫНАДЫ

Түркістан облысында әлеуметтік мекемелерді жергілікті ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдерімен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар. Өңірде өндірілмейтін жекелеген дақылдарды қоспағанда, азық-түлік тауарларының басым бөлігі облыс аумағындағы кәсіпорындарда өндіріледі. Бұл мәселе Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен ауыл шаруашылығы өнімдерін ішкі нарыққа өткізуге арналған мәжілісте кеңінен талқыланды.

Жиында өңір басшысы жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, бірінші кезекте жергілікті тауар өндірушілерді қолдау қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, әлеуметтік сала мекемелері – білім беру ұйымдары, балабақшалар, ауруханалар мен әлеуметтік қорғау нысандары отандық өніммен қамтылуы тиіс. Бұл қадам бір жағынан жергілікті кәсіпкерлерді қолдауға бағытталса, екінші жағынан өңір экономикасының тұрақты дамуына ықпал етеді. Нұралхан Көшеров аудан, қала әкімдеріне өз аумақтарындағы ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдерін өндіретін кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатып, жұмысты жүйелі түрде үйлестіруді тапсырды. Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырыс қалыптастыру барысында отандық өнімге басымдық берілуі қажет екенін ескертті. Дегенмен, өңір басшысы кәсіпкерлер тарапынан да өнім сапасына ерекше мән берілуі тиіс екенін атап өтті. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар, оларды терең өңдеу саласындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

Кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов мәжіліс барысында облыс аумағындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға жүргізілген талдау нәтижелерін баяндады. Оның айтуынша, кәсіпорындардың коммерциялық ұсыныстары жинақталып, әлеуметтік салаға жауапты басқармаларға және олармен жұмыс істейтін мердігер ұйымдарға жолданған. Кәсіпкерлер тауарларды өткізу нарығы бойынша жұмыс жүйеленгенін, нақты тапсырыс берушілері бар екенін және өнім өткізу мәселесі жолға қойылғанын растаған. Облыс көлемінде ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдерін өндірумен айналысатын 102 жетекші кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде ет өңдеу саласында 33 кәсіпорын, құс еті өнімдерін өндіру бағытында 2 кәсіпорын бар. Бұл салалардың жалпы қуаттылығы 46 мың тоннаны құрайды. Сүт өнімдерін қайта өңдеу саласында 35 кәсіпорын жұмыс істеп, олардың жалпы қуаттылығы 184,6 мың тоннаға жетіп отыр. Көкөніс өңдеу саласында 12 кәсіпорын, жеміс өңдеу бағытында 3 кәсіпорын қызмет атқарады. Бұл кәсіпорындардың жалпы қуаттылығы 23,9 мың тоннаны құрайды. Сонымен қатар, шырын өндіруші компаниялар да өз өнімдерін өткізу нарығын қалыптастырған.

Нан өндіру саласында облыс аумағында 9 кәсіпорын жұмыс істеп, олардың жалпы қуаттылығы 132 мың тоннаға тең. Бүгінде Түркістан облысында 1000-ға жуық мектеп, 1438 балабақша, 35 аурухана және 9 әлеуметтік мекеме бар. Осы нысандарды азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі ерекше бақылауға алынған. Әлеуметтік салаға жауапты басқармалар тапсырысшы болып табылатын мемлекеттік сатып алу конкурстарына бөлінген қаржыға да талдау жүргізілген. 2026 жылға азық-түлік пен тамақтандыруға жоспарланған қаржы көлемі 35,2 млрд теңгені құрайды. Қажетті азық-түлік тауарларының 70 пайыздан астамы өңірде өндірілген өнімдер есебінен қамтылып отыр. Тек қарақұмық және кейбір дақылдар ғана сырттан тасымалданады. Мемлекеттік сатып алу басқармасының мәліметіне сәйкес, 2026 жылға азық-түлік сатып алу бойынша 3 млрд теңгеге 37 конкурс өткізілген. Конкурстық құжаттамаларға отандық тауар өндірушілерге басымдық беру жөнінде арнайы ұсыныстар енгізілген. Бұл бастама жергілікті кәсіпкерлерді қолдап қана қоймай, әлеуметтік мекемелерді сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы, аталған жұмыстар Түркістан облысында ішкі нарықты жергілікті өніммен қамтуға, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға және өңір экономикасын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.