ШАҒЫН ӨНДІРІСТІК ПАРК ЗАМАНАУИ ЖОБАЛАРМЕН ТОЛЫҒЫП ЖАТЫР

Түркістан облысында өңір экономикасын әртараптандыру, өндіріс көлемін арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта облыс әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданында орналасқан шағын өндірістік парктің аумағына барып, онда жүзеге асырылып жатқан жобалардың жай-күйімен танысты. Өңір басшысы нысандардың құрылыс сапасына, жұмыс қарқынына және жобалардың уақытылы іске асырылуына ерекше назар аударды.

Аймақ басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік-экономикалық дамуға қатысты берген тапсырмаларының маңыздылығын атап өтті. Экономиканы әртараптандыру, өндірістік әлеуетті күшейту және инвестициялық жобаларды қолдау өңірдің тұрақты дамуына негіз болатынын жеткізді. Осы бағытта шағын өндірістік парктердің рөлі ерекше екенін айтып, барлық жобалар қатаң бақылауда болатынын ескертті. Өндірістік парк аумағындағы әрбір жоба белгіленген мерзімде, сапалы әрі толық іске асырылуы тиіс екенін атап өтті. Сауран ауданындағы шағын өндірістік парк аумағында қазіргі таңда ауыл шаруашылығы машиналары мен аспалы жабдықтарды өндіру жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жобаның жалпы инвестициялық құны 2,1 млрд теңгені құрайды. Өндірістік кешен 3,9 гектар аумақта орналасқан, ал ғимараттың жалпы аумағы 7 939,4 шаршы метр. Жобаның құрылыс және іске асыру жұмыстары биыл толық аяқталады деп жоспарланған.

Облыс әкімі бұл жоба аясында өндіріс көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту, заманауи технологияларды енгізу және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту мәселелеріне басымдық беру қажеттігін атап өтті. Өндірістік парктің әлеуеті тек бір жобамен шектелмей, бірнеше бағытта дамуы тиіс екенін айтты. Сонымен қатар аймақ басшысы парк аумағында орналасқан өзге де жобалардың жай-күйімен танысып, кеңсе ғимаратының құрылысына ерекше назар аударды. Нысанды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды жауапты тұлғаларға нақты тапсырды. Шағын өндірістік парктің толық іске қосылуы Сауран ауданының ғана емес, жалпы өңірдің индустриялық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті халықтың табысын арттыруға және экономиканың әртараптануына оң әсерін тигізбек.

Айта кету керек, Түркістан қаласының маңында отандық өндірісті дамыту және қайта өңдеу саласын қолдау мақсатында 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында жалпы 152 ғимарат салып, 6 040 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Жобаның бірінші кезеңінде 40 ғимарат пайдалануға беріліп, 32 жоба іске қосылды. Нәтижесінде 1 220 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл жобаның тиімділігі жоғары екенін көрсетеді, себебі бюджеттен бөлінген 1 теңгеге 8,5 теңге жеке инвестиция тартылған.

Жалпы Түркістан облысы бойынша 21 шағын өндірістік алаң құрылып, ғимараттар салу бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. Негізгі басымдық құрылыс материалдары, жиһаз, пластик және резеңке бұйымдары, химия өнімдері мен жеңіл өнеркәсіп салаларына берілген. Қазіргі таңда өндірістік парктер аумағында жиһаз, жаңбырлатып суару жүйелері, сусын, мұздатқыш және құрылыс материалдарын шығаратын зауыттар ашылып, жұмыс істеп тұр. Бұл бастамалар Түркістан облысының өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп, инвестиция тарту мүмкіндігін арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп отыр.