ШАРДАРАДА ӨНДІРІС ОРНЫН АШУ БОЙЫНША КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗІЛДІ

Түркістан облысында өңір экономикасын дамыту, өндіріс орындарын көбейту және инвестициялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес барлық аудан, қалаларда инвестиция тарту мен жаңа өндірістер ашу басым бағыт ретінде айқындалған. Бұл міндетті іске асыру жолында жергілікті атқарушы органдар нақты жобалармен жұмыс істеуге көшкен.
Осы ретте Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев қытайлық инвесторларды қабылдап, маңызды инвестициялық жоба аясында кездесу өткізді. Кездесу барысында шетелдік инвесторлар тамшылатып суаруға арналған құрал-жабдықтар өндіретін зауыт салу жөніндегі бастамаларын таныстырды. Аталған жоба ауыл шаруашылығы саласында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге және егін шаруашылығының тиімділігін арттыруға бағытталған. Кездесу кезінде жобаны жүзеге асыруға қажетті жер телімін бөлу, өндіріс орнын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, инженерлік желілерге қосу және ұйымдастырушылық мәселелер жан-жақты талқыланды. Аудан әкімі бұл жобаның Шардара ауданы үшін маңыздылығын атап өтіп, жауапты сала мамандарына инвесторлармен бірлесіп, барлық қажетті рәсімдерді жедел әрі жүйелі түрде атқаруды тапсырды.
Сонымен қатар шетелдік инвесторларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктері, салықтық және қаржылық жеңілдіктер, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу мәселелері кеңінен түсіндірілді. Жергілікті атқарушы орган тарапынан құжаттандыру жұмыстарын жеңілдету, жер телімін рәсімдеу, инфрақұрылымға қосу және жобаны қысқа мерзімде іске қосу бағытында толық қолдау көрсетілетіні жеткізілді. Бұл өз кезегінде инвесторлардың сенімін арттырып, жобаны жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптастырады. Инвесторлар ауданның өндірістік және логистикалық әлеуетіне жоғары баға беріп, ұсынылған инфрақұрылым мен мемлекеттік қолдау шаралары жобаны іске асыруға тиімді екенін атап өтті. Олар Шардара ауданында өндіріс ашу арқылы өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға үлес қосуға дайын екендерін білдірді. Тараптар алдағы уақытта нақты инвестициялық жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және аудан экономикасын әртараптандыру бағытында бірлесіп жұмыс істеуге келісті.
Жобаның жүзеге асуы нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына мүмкіндік туады. Сонымен қатар ауданның инвестициялық ахуалы жақсарып, әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны артады. Тамшылатып суару жүйесіне арналған құрал-жабдықтар өндірісінің іске қосылуы өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне сапалы әрі қолжетімді өнім ұсынуға жол ашады. Бұл су ресурстарын тиімді пайдалануға және егін өнімділігін арттыруға оң әсерін тигізбек. Айта кету керек, 2025 жылдың 11 айында Түркістан облысының экономикасына 1,4 трлн теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 123 пайызға артқан. Өнеркәсіп саласында оң серпін байқалып, өңірде 57 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 310 жаңа жұмыс орны ашылды. Облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 20 индустриалдық аймақ және «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Индустриалдық аймақтарда 39 млрд теңге инвестиция тартылып, 50-ден астам жоба жүзеге асырылған. Бұл көрсеткіштер Түркістан облысының инвестиция үшін тартымды өңірге айналып келе жатқанын айқындайды. Ал Шардара ауданында қолға алынған жаңа жоба өңірдің агроөнеркәсіп саласын дамытуға және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге бағытталған маңызды қадам болмақ.



