ЗАМАНАУИ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған ауқымды жобалар жалғасуда. Соның бірі – Сарыағаш қаласында 300 төсек-орындық заманауи көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров іргетасын қалау рәсіміне қатысып, нысанның құрылыс барысымен танысты. Аса маңызды әлеуметтік нысан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда. Жаңа аурухана облыстың денсаулық сақтау жүйесін жаңа деңгейге көтеруге, тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Әкімнің айтуынша, бұл жоба тек Сарыағаш қаласының тұрғындарына ғана емес, сонымен қатар Келес, Мақтаарал, Жетісай, Қазығұрт және Шардара аудандарының 1 миллионнан астам тұрғындарына қызмет көрсетеді. Жаңа аурухана құрылысы жергілікті тұрғындарға жаңа жұмыс орындарын ашуға, білікті медициналық кадрларды тартуға жағдай жасайды. Нұралхан Көшеров құрылыс рәсімі барысында бұл жобаның әлеуметтік мәні ерекше екенін атап өтті. «Бұл аурухана – өңіріміздің денсаулық сақтау саласындағы жаңа белес, халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған үлкен қадам. Жобаның іске асуы мыңдаған тұрғынға үміт сыйлайды, жүздеген отбасының амандығын сақтауға үлес қосады. Дені сау ұрпақ – елдің ең басты байлығы», – деді әкім.

Аурухана 300 төсек-орынға есептеліп, үш негізгі блоктан тұрады. Хирургиялық блокта 50 төсек-орын қарастырылған, онда нейрохирургия, офтальмология, ЛОР және травматология бөлімшелері жұмыс істейді. Терапиялық блокта 100 төсек-орын бар, оған неврология, инсульт орталығы, кардиология және интервенциялық кардиология бөлімшелері кіреді. Перинаталдық блок – 150 төсек-орынға есептелген және ана мен балаға арналған заманауи күтім, жүкті әйелдер патологиясы бөлімшелерін қамтиды. Медициналық кешен заманауи жоғары технологиялы құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі. Ғимарат үш қабаттан тұрады, жалпы ауданы 70 мың шаршы метрді құрайды. Жобаның жалпы құны – 74,5 млрд теңге. Аурухана 10,4 гектар аумақта орналасады, құрылыстың аяқталуы 2027 жылдың желтоқсанында жоспарланған. Жобаны мердігерлік «ASPAN HOLDINGS» ЖШС атқарып, техникалық қадағалаушы – «Строй-Проф» ЖШС, ал авторлық қадағалаушы – «Engineering center ltd» ЖШС болып белгіленген.

Түркістан облысында халық денсаулығын жақсартуға бағытталған басқа да маңызды жобалар іске асырылуда. Ордабасы ауданының Темірлан ауылында 200 орындық перинаталдық орталық құрылысы басталып, ана мен бала денсаулығын қорғауға жаңа мүмкіндіктер ашылады. Түркістан қаласында демеушілер есебінен салынып жатқан «Ана мен бала» орталығы келесі жылы пайдалануға берілмек. Өткен жылы облыста 40-қа жуық медициналық нысан пайдалануға берілген, оның ішінде Сарыағаш ауданында 6 нысан іске қосылған. Сонымен қатар шалғай ауылдық елді мекендерде фельдшерлік-акушерлік пункттер ашылып, тұрғындарға алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігі артты. Бұл жұмыстар облыстың денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымын жаңғыртуға, халыққа сапалы қызмет көрсетуге және медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталғанын көрсетеді. Түркістан облысының денсаулық сақтау жүйесін дамыту аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар өңірдегі медициналық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға зор үлес қосады. Жаңа ауруханалар мен орталықтар білікті кадрларды тартуға, жұмыс орындарын көбейтуге, сондай-ақ ана мен бала денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды әлеуметтік бастамалар болып отыр.