ЦИФРЛАНДЫРУ ЖҮЙЕСІ ТИІМДІ БАСҚАРУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ ҚАДАМ БАСТЫ

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, қала әкімдігінің ресми өкілі Сәрсен Құранбек бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне мектептерде жүзеге асырылып жатқан цифрлық жобаларды таныстырды. Іс-шара барысында білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті күшейту, бюджет қаржысының тиімді игерілуін бақылау және басқару үдерістерін цифрландыру бағытындағы жұмыстар көрсетілді.
Қала мектептерінде жасанды интеллектке негізделген «Айқын» ақпараттық жүйесі толық енгізілген. Жоба қауіпсіздікті арттырумен қатар, оқушыларды тегін тамақпен қамту процесін ашық әрі тиімді басқаруға бағытталған. Жүйе бейнебақылау және деректерді талдау платформасын, оқушылардың тамақтануын бақылауға арналған аппараттық-бағдарламалық кешенді және құрылымдық кабель жүйесін қамтиды.
Жоба аясында мектептерге 10 400 жаңа бейнебақылау камерасы орнатылып, бұрынғы 5 000 камерамен біріктірілді. Барлық камералар Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Сондай-ақ 98 мемлекеттік мектепке 392 дана «Alaqan mektep» кешені орнатылып, оқушылар асханаға алақан биометриясы арқылы тіркелетін жүйе енгізілді. Бұл бюджет қаражатының мақсатты әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз етеді.
Цифрлық инфрақұрылымды жаңарту үшін 1 миллион метрден астам құрылымдық кабель тартылған. Сонымен қатар Мемлекет басшысының 2026 жылды цифрландыру жылы деп жариялауына орай, білім саласындағы жемқорлық тәуекелдерін азайту және қаржылық бақылауды күшейту мақсатында QARQYN бағдарламасы іске қосылды.
Жоба мектепке дейінгі, қосымша, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын толық қамтиды. Инклюзия, кадр, қаржы, бухгалтерия және құжат айналымы бағыттары да цифрлық форматқа көшірілген. Жүйе Kundelik, 1С, Balabaqsha, Qosymsha, Pana, Smartnation, Sana платформаларымен біріктірілген және ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай жұмыс істейді.
Осылайша, «Айқын» және QARQYN жобалары Шымкентте білім беру саласын заманауи цифрлық басқару моделіне көшірудің нақты қадамына айналып, қауіпсіздік пен ашықтықты қамтамасыз етуге, бюджет қаржысының тиімді игерілуіне және білім сапасын арттыруға бағытталған жүйелі бастама болып отыр.