АҒА БУЫННЫҢ ЕРЛІГІ БІЗГЕ ӨНЕГЕ

384
0

женисЕкінші дүниежүзілік соғыстың бір бөлігі болған Ұлы Отан соғысының жеңісіне биыл 68 жыл болмақ! Отаншылдықтың рухын асқақтатқан Ұлы жеңіс күнінде бүкіл ел халқымен бірге шымкенттіктер де бүгінгі бейбіт өміріміздің аспанын жарқыратып берген, соның жолында жас жанын құрбан еткен бота тірсек боздақтарын еске алады. Қатарлары сиреп, санаулы қалған ардагерлерді алақанға салып, ардақтасақ та жарасады. Қасиетті қазақ топырағы шапқыншылыққа қарсы соғысқа перзенттерін аттандырумен бірге, жер байлығын да иіп берді. Барланған кен орындарының негізінде металл өндіру, байыту мен қорыту кәсіпорындары салынды.Ер-азаматтары майданға алынып, бар ауыртпалық егде адамдардың, әйелдер мен балалардың мойнына түсті. Олардың еңбегінің арқасында соғыс жылдары Қазақстан колхоздары мен совхоздары елімізге 56 млн пұт астық, 733,9 мың тонна ет, 1142 мың тонна сүт, 62,4 мың тонна жүн өткізді. Соғыс басталысымен республикада танкілер мен ұшақтар жасау үшін ақша жинау қозғалысы жүргізілді. Қазақтың белгілі балуаны Қажымұқан Мұңайтпасов жеке қаражатынан қорға 100 мың сом өткізді.  Қазақстан еңбекшілері өздерінің жеке қаражатынан майдан қорына 4,7 млн сом ақша, 2 млн дана жылы киім, 1600 вагон сыйлық жөнелтті. Әскери техника жасауға 480,3 млн сом қаржы қосты. Соғыс жылдары тек Қазақстан тарапынан 500-дей дивизия солдаттарды жазғы киім-кешекпен, 70 дивизия – шинельдермен, 67 дивизия – қысқы аяқ киіммен, 59 дивизия – жылы киімдермен, 25  дивизия – шолақ тондармен қамтамасыз етілді. Сол тұстағы дивизиялардағы әскер санының 10000 адамға жеткенін ескерсек, тауарлардың келтірілген тізімі бойынша қандай мөлшерде өнім дайындалғанын есептеп алу қиын емес. Ендеше, бүгінгі ұрпақ аға буын ардагерлеріміз бізге аманаттап кеткен мынау мамыражай бақытты өмірдің қадіріне жетіп, оны көздің қарашығындай қорғамағы, тарихқа аса ыждағатты жауапкершілікпен қарамағы ләзім!      Екінші дүниежүзілік соғыстың бір бөлігі болған Ұлы Отан соғысының жеңісіне биыл 68 жыл!
Ұлы Отан соғысы халқымыздың аға буын өкілдерінің, біздің әкелеріміз бен аналарымыздың биік рухын күллі әлемге танытса, Жеңіс – аға ұрпақтың сол ұлы ерлігін мәңгілік ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Ұлы Жеңіске баға жетпес үлес қосқан боздақтарымыздың ерлігі мен тыл еңбеккерлерінің еселі еңбегі бүгінгі ұрпаққа өнеге. Отан үшін опат болған майдангерлер мәңгі жүрегімізде. Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды. Иә, майдандастары көз алдында оққа ұшқан соғыс ардагерлері мен сұрапыл соғыстың бар ауыртпалығын арқасымен көтерген тыл еңбеккерлері бүгінгі бейбіт өмірдің оңайлықпен келмегенін жақсы біледі. Көз шанағына сыймай, төгіліп-төгіліп кеткен көз жастың өзінде қаншама ғибратты тәрбие жатыр десеңізші! Бізге осынау берекелі де береген ақ таңдарды сыйлаған аға ұрпақ алдында қарыздармыз. Олардың ерлік істері санамыздан өшпек емес.Оңтүстік Қазақстан облыстық соты Ұлы Жеңіске арналған мерекелік іс-шаралар өткізуді, соғыс және тыл ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырған.

Мадияр АБДРАСИЛОВ,
Шымкент қаласы,
Әл-Фараби аудандық
сотының судьясы.