Судьяға жүктелер жүк салмақты

303
0

0_584c2_b670adba_xlЕл экономикасының жедел дамуына және халықаралық экономикалық, қаржылық байланыстардың кеңеюіне орай, қаржылық соттың құрылуы да заман талабынан туған шара. Сонымен қатар, 2007 жылғы шілдеден бастап, алқа билер соты институты енгізіліп, қылмыстық іс-жүргізуді алқа билердің қатысуымен жүзеге асыру үрдісі қалыптасты. Қазір Астана, Алматы қалаларында және барлық облыстарда әкімшілік қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соттар құрылып, жемісті жұмыс жалғасуда. Сот арқылы адам құқын қорғаудағы тағы бір оң жаңалық — Елбасының Жарлығымен 2012 жылғы ақпаннан бастап барлық облыстарда кәмелетке толмағандардың ісін қарайтын мамандандырылған соттар ашылды. Бұл соттар жасөспірімдердің істерін қарап қана қоймай, олардың құқықтық білімі мен мәдениетін жетілдіруге үлес қосады деп сенемін.

Қылмыстық заңды ізгілендіру мақсатында Қылмыстық кодекстің кейбір баптарына өзгерістер енгізілді. Қылмыстық сот ісін ізгілендірудің мәні білместікпен қылмыстық әрекетке ұрынған, абайсызда от басқан, бұрын қылмыс жасамаған адамға бас бостандығынан айырудан басқа айып салу, қоғамдық жұмыстарға тарту, бостандығын шектеу тәрізді баламалы  жазалар түрін қолдану болып табылады. Сондай-ақ, азаматтық, әкімшілік істерді, кейбір ауыр емес қылмыстарға қатысты істерді бітімгерлік (медиация) жолымен, тараптарды татуластыру, келісімге келтіру, жәбірленушінің кешірім жасауы арқылы сотқа жеткізбей шешу де осы ізгілік қағидаларына негізделген.
Қылмыс жасаған адамға жаза қолдану заңның ғана емес, адамгершілік өлшемдерінің де талабы. Басқаның құқығына қол сұғу, өміріне қиянат жасау жазасыз қалмауы керек. Алайда, қылмыс жасаудың түрлері, тәсілдері, себеп-салдарлары бар. Қасақана қылмыс жасау бар да, абайсызда, білместікпен қылмыстық әрекетке ұрыну бар. Кәнігі қылмыскерді қоғамнан аластау керектігі күмән тудырмайды. Ал абайсызда от басқан, бұрын жаза баспаған адамды бірден темір тордың арғы жағына жіберу қаншалықты орынды болмақ. Түрме адамды тәрбиелей ме, әлде тағдырын теріс арнаға бұрып жібере ме?
Судьялар қылмыстық істерді қарағанда осындай сұрақтарға жауап іздеуге міндетті. Яғни қасақана, кәдіуілгі қылмыстарға қатысты істерден басқа жағдайда, адамды бас бостандығынан айыруға соттамас бұрын ақтау амалдарын да жан-жақты қарастыру қажет.
Сот процесінің қалай, қандай жағдайда өтуі маңызды емес, ең маңыздысы іс бойынша нағыз шындықтың ашылуы. Міне, соттың міндеті осы. Кейбір мекемелер, ұйымдар. БАҚ өкілдері бізді сот отырысына қатыстырмады дейді, біле-білсек, соттағы қос тараптың мүддесі үшін ең бастысы олардың сот отырысына қатысуы, қатыспауы емес, мәселе ақиқаттың ашылып, заңның үстемдік құруында жатыр. Судьялар туралы арнайы заң бар, оған қол сұғуға ешкімнің қақысы жоқ.

Светлана ШИНАЛИЕВА,
Шымкент қаласы, Еңбекші
аудандық сотының судьясы.