Көшербай келіспеді. «Тістегеннің» аузында кеткен теңге жоқ» дейді

284
0

Изображение 021Газетіміздің өткен санындағы «Ауызсуға бөлінген қаржы «тістегеннің» аузында кетуде» деген мақаламызда ОҚО 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекет қаржысының тиімді мақсатқа жұмсалмай, талан-таражға түскені жөнінде жазып едік. Әйтсе де, Оңтүстік Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Батырбек Көшербай бұл мәліметтің негізсіз екенін, ақылға қонбайтынын да жасырмады.

Мақалада көрсетілгендей, Ордабасы ауданында құбыр тартуға 185 миллион теңгенің барлық жұмысы атқарылмады, ал, әкімдік қызметкерлері жүзеге аспаған 68 миллион теңгенің орнын толтыру негізінде құрылыс жұмыстары толық аяқталды деп құжат қабылдаған. Сарыағаш ауданында да таза ауызсуға деп бөлінген мол қаржының 564 миллион теңгесі тиісті мақсатқа жұмсалмай, «тістегеннің» аузында кеткеніне қынжылыс білдіргенбіз. Деректі құқық қорғау органдары таратқандықтан, осы салаға жауапты мекеменің басшысы БАҚ өкілдерін басын қосып, мәселенің мәнісін түсіндіргендей болды.
Басқарма басшысы Батырбек Көшербай Ордабасыда, Сарыағаш пен Мақтаралда ауызсу құбырларының құрылыстары жүргізілгенін, халыққа таза ауызсу берілгенін, алайда уақыт өте келе тұтынып келген ауызсудың кермектеніп кеткенін айтты. Кезінде жерасты суларының сапалы, ішуге жарамды екендігіне облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы оң қорытынды бергені бар. Ауызсуға бөлінген қаржы тиісті мақсатқа жұмсалғанын, бірақ кермектеніп, тұтынуға жарамсыз күйге түскен суды алдағы кезде су тазалағыш мембранды қондырғы орнату арқылы қалпына келтіруге болатындығын немесе көрші ауылдардағы құбыр арқылы таза су алып келуге мүмкіндік барын айтады. Жерасты суының кермектеніп, ішуге жарамсыз екендігін білмеудің бір ұшы – облыста жерасты су картасының болмауы да себепкер дейді ол. Әйтсе де, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуде кінәлі тұлғалар тарапынан да қателіктер болғанын жасырмады. Ордабасы аудандық құрылыс бөлімі тарапынан мердігерлік еткен «Стройтель» және «101-Строй Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестерінің әрбіріне 7,4 млн, 3,3 млн теңгеден айыппұл салынған. Сарыағаш, Мақтарал, Шардара аудандардағы құрылыс бөлімдерінің басшылары жауапкершілікке тартылса, басқарма басшысының орынбасары Б.Махановқа сөгіс, сумен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Қ.Момбековтің қызметтік лауазымы төмендетілген. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» дегендей, лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылып жатса, «бізде кінә жоқ» деудің қандай қисыны бар?
Баспасөз мәслихатында басқарма басшысы Б.Көшербай журналистерді алдағы атқарылар жұмыс ауқымымен таныстырды. Жоспарларында облыстағы елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бағыты басым екен.

Е.СӘРСЕНБИН.