ШЫМКЕНТТЕ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ПАРКІ ЖАҢАРУДА

Шымкент қаласында қоғамдық көлік саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Қазіргі таңда 83 тұрақты маршрутта күнделікті 988 автобус жолаушыларға қызмет көрсетуде. Оның ішінде 79 маршрут әлеуметтік маңызы бар бағыт ретінде айқындалған. Аталған бағыттарға 14 көлік компаниясы шарт негізінде қызмет көрсетіп отыр. Жалпы қоғамдық көліктер саны 1150 бірлікті құрайды.
Салада автопаркті жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. 2024 жылы 19 автобус сатып алынса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 88-ге жетіп, 4,6 есеге артқан. Ал 2026 жылдың алғашқы 4 айында 17 жаңа автобус алынып, жыл соңына дейін тағы 200 автобус сатып алу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 151 автобус 3 жылға дейінгі, 954 автобус 7 жылға дейінгі, ал 45 автобус 7 жылдан асқан.
Жолаушылар тасымалы көлемі де айтарлықтай өсім көрсетіп отыр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 80,1 млн адам тасымалданса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 95,3 млн адамға жетіп, 19%-ға артқан. Ал 2026 жылдың І тоқсанында 27 млн жолаушы тасымалданып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 40%-ды құрады.
Жалпы, қоғамдық көлік жүйесін жаңғырту және қызмет сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар қала тұрғындарының сұранысын қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде.



