«ХАЛЫҚ ЗАҢГЕРІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ

Шымкент қаласында азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеру және қоғамда заң үстемдігін нығайту бағытында маңызды шара өтті. Бұл – республика көлемінде дәстүрге айналған «Халық заңгері» акциясы. Оның басты мақсаты – тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсету, құқықтық сауаттылықты арттыру және азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді байланысты нығайту.
Биылғы акция ерекше ауқыммен ұйымдастырылып, оған Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, сондай-ақ қырық екі мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Сонымен қатар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, нотариустар мен коммуналдық қызмет өкілдері де бір алаңда бас қосып, тұрғындарға кеңес берді. Акцияға қала жастарының еріктілер ұйымы да атсалысып, азаматтарға бағыт-бағдар көрсетіп, іс-шараның ұйымдастыру жағын қамтамасыз етті. Келушілер түрлі салалар бойынша жетекші заңгерлерден тегін кеңес алып, өздерін толғандырған мәселелерге нақты жауап алу мүмкіндігіне ие болды. Көпшілік тарапынан қойылған сұрақтар негізінен отбасылық, еңбек, жер, азаматтық және әкімшілік құқық салаларына қатысты болды. Бір күннің ішінде 1000-нан астам шымкенттік азамат кәсіби мамандардан құқықтық көмек алды. «Халық заңгері» жобасы 2016 жылдан бері еліміздің барлық өңірлерінде тұрақты түрде өткізіліп келеді. Жоба жыл сайын ауқымын кеңейтіп, қоғам тарапынан зор қолдау табуда. Акцияның артықшылығы – азаматтардың кез келген мәселе бойынша тегін әрі қолжетімді кеңес алуында. Бұл – әсіресе әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен құқықтық тұрғыда әлсіз топтар үшін үлкен мүмкіндік.
Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов іс-шара барысында азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырудың маңыздылығына тоқталып, «Ежелгі грек философы Платон айтқандай: “Күшті мемлекет – қорғалған азаматтан басталады”. Бүгін біз барлық мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдерін бір алаңға жинап отырмыз. Басты мақсат – әр азаматқа тегін, сапалы және дер кезінде құқықтық көмек көрсету», – деді. Акция барысында мамандар азаматтарға өз құқықтарын қорғау жолдарын түсіндіріп, мемлекеттік органдарға жүгіну тәртібі мен тегін заң көмегін алу тетіктерін таныстырды. Тұрғындар өз өтініштерін жазбаша түрде қалдырып, бірқатары тиісті мекемелерге жолданды. Көптеген мәселелер сол сәтте-ақ шешімін тауып, азаматтарға нақты нұсқаулық берілді. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек өз сөзінде мұндай акциялардың қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастыруда маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, тұрғындардың өз құқықтары мен міндеттерін білуі – заң бұзушылықтың алдын алудың ең тиімді жолы. Іс-шараға қатысқан азаматтар көрсетілген қызметтің қолжетімділігі мен сапасына жоғары баға беріп, осындай бастамалардың жиі өткізіліп тұруын сұрады. Көпшілік үшін бұл тек кеңес алу мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік органдармен тікелей байланыс орнатудың тиімді жолы болды. «Халық заңгері» жобасы елімізде құқықтық мәдениетті қалыптастырудың тиімді құралына айналды. Бұл акция тек құқықтық көмек көрсету шарасы ғана емес, сонымен бірге азаматтардың заң алдындағы жауапкершілігін арттырып, қоғамда әділдік қағидатын орнықтыруға бағытталған. Бүгінде мемлекет тарапынан азаматтарға тегін заң көмегін көрсету тетіктері кеңейіп келеді. Алайда көптеген тұрғындар бұл мүмкіндіктер туралы толық хабардар емес. Сондықтан мұндай шаралар халықтың ақпараттану деңгейін арттырып, құқықтық сауаттылықты дамытудың нақты жолына айналуда. «Халық заңгері» республикалық акциясы алдағы уақытта да өз жұмысын жалғастырады. Оның негізгі миссиясы – әрбір азаматтың құқығын қорғауға, заңды білуге және өз мүддесін қорғай алуға үйрету. Бұл бастама – әділдік пен заң үстемдігін нығайту жолындағы жүйелі қадам, ал осындай шаралар ел азаматтарының мемлекетке деген сенімін арттырып, қоғамда құқықтық мәдениеттің жаңа деңгейін қалыптастыруға жол ашады.


