АУЫЗ СУДЫ ҮНЕМДЕУ БОЙЫНША ҰСЫНЫС ЕНГІЗІЛДІ

Қоғамда суды ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыру мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі тұрмыстық жағдайда суды үнемдеуге арналған әдістемелік ұсыныстар әзірледі.

Ұсынысқа мыналар кіреді: кір жуғыш және ыдыс жуғыш машиналарды тек толық жүктемемен пайдалану, тісті жуғанда кранды жауып, стақанмен су пайдалану, ванна қабылдаудың орнына қысқа душ қабылдау, көкөніс пен жемістерді ыдыстағы сумен жуу, автоматты сенсорлы крандарды қолдану, унитаздарға екі деңгейлі су жіберу жүйесін орнату; су ағынын реттейтін арнайы саптамалар (аэраторлар) пайдалану, сондай-ақ крандардағы ақауларды үнемі бақылап, судың ағуын дер кезінде жою.

Бұл ұсыныстарды толығымен қолдану арқылы алты адамнан тұратын бір отбасы жылына 35 мың литрге дейін су үнемдей алады. Министрлік әзірлеген ұсыныстар көрсетілген баннерлерді жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен Қазақстанның барлық өңіріндегі көшелерде, білім беру мекемелерінде, теміржол вокзалдарында, әуежайларда және басқа да қоғамдық орындарда орналастыру жоспарланып отыр.

— Біз тұрмыста суды үнемдеудің маңызын мүмкіндігінше көп адамға жеткізгіміз келеді. Әрбір азамат елдің су ресурстарын сақтауға үлес қоса алады. Министрлік әзірлеген ұсыныстар суды үнемдеу — оңай әрі тиімді екенін көрсетіп отыр. Енді біз ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, бұл қарапайым тәсілдер туралы Қазақстанның барлық өңіріне жеткізуді көздеп отырмыз, — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.