ЖАҢА ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫ АШЫЛАДЫ

Түркістанның топырағында жаңа өндіріс ошақтарының тамыры тереңге тартып, аймақ экономикасының көсегесін көгертер жасампаз жобалардың жаңа толқыны басталды. Осы оң өзгерістердің басы-қасында тұрған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен Инвестициялық штабтың кезекті отырысы өңір дамуының ертеңгі даңғыл жолын тағы бір мәрте айқындап берді. Алқалы жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, аудан мен қала тізгінін ұстаған әкімдер, жауапты басқарма басшылары және ел экономикасына қанат бітіруге ниетті отандық және шетелдік ірі инвесторлар қатысты. Мәжілістің күн тәртібінде үстіміздегі 2026 жылы іске асырылуы тиіс ауқымды инвестициялық жобалардың таныстырылымы өтіп, өңірлердегі инвестициялық ахуалдың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен нәтижелері қызу талқыға түсті.

Басқосуды ашқан облыс басшысы өңір экономикасын әртараптандырудағы әрбір жобаның алтынға бергісіз маңыздылығына тоқталып, жауапты тұлғалардың міндеті құрғақ есеп беру емес, істі сапалы әрі уақтылы атқару екенін шегелеп айтты. Әрбір аудан мен қала әкіміне инвестиция тарту жұмысын басты басымдық ретінде қарауды тапсырған аймақ басшысы туындаған кез келген кедергіні заң шеңберінде бірлесе шешуге, инвесторлардың жобалары облыс дамуының қуатты драйверіне айналуы тиіс екендігіне зор сенім білдірді. Бұл жолғы штаб отырысы құр сөзден гөрі нақты істің майданы екенін көрсетіп, бірқатар ірі де бірегей жобалардың тұсауын кесті. Мәселен, Түркістан қаласындағы арнайы экономикалық аймақта заманауи ПВХ құбырларына арналған арматуралар, таспалар, тамшылатып суару жүйесінің құбырларын шығаратын жабдықтар мен берік тоқылған су шлангтерін өндіретін зауыттың жобасы ұсынылды. Мұнымен шектелмей, Сауран ауданының аумағында орналасқан «TURAN» арнайы экономикалық аймағында да алып өндіріс ошақтары бой көтермек. Соның ішінде, әлемдік деңгейдегі «BOSHIRAN XINJIANG» компаниясының ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру және шығару жобасы өңірдің диқандары үшін үлкен олжа болмақ. Оған қоса, «Lihua Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің карбамид тыңайтқыштары мен мақта майын өндіретін зауыттар кешені, сондай-ақ «BAKS Innovations Inc. — CAESG Platform» компаниясының биомассаны терең өңдеп, көміртегін байланыстыратын инновациялық кешені Түркістанды жаңа технологиялардың орталығына айналдыруға бағытталған. Бұдан бөлек, энергетика саласының тынысын ашатын «Yassy Energy» серіктестігінің трансформаторларға арналған гофрленген қабырғалар мен магнитөткізгіштер шығаратын зауыт жобасы да көптің көңілінен шықты. Отырыс барысында аталған жобаларды жер телімдерімен дер кезінде қамтамасыз ету және қажетті инженерлік инфрақұрылымды тарту мәселелері де ашық талқыланып, тиісті сала басшыларына нақты міндеттер жүктелді.

Жиынның екінші бөлігінде Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев пен Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың есептері тыңдалып, бұл аймақтарда жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар мен өткен 2025 жылы шетелдік инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің жемісті нәтижелері сараланды. Баяндамашылар атқарылған ауқымды істер мен алдағы нақты жоспарларын алға тартты. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Түркістан топырағына сенім артып, қаржы құйып жатқан инвесторларға шынайы ризашылығын білдіріп, мемлекет тарапынан қолдаудың ешқашан толастамайтынын жеткізді. Мұндай жасампаз қадамдардың нәтижесі де жоқ емес. Өткен 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасына 1,7 триллион теңгеден астам қыруар инвестиция құйылып, өсім қарқыны 121,6 пайызды бағындырған болатын. Сол өткен жылы 340 миллиард теңгені құрайтын 58 ірі жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. Биыл да осы алған жоғары қарқыннан танбай, облысқа тағы да 1,7 триллион теңге инвестиция тарту межеленіп отыр. Бұл белес жалпы құны 369 миллиард теңге болатын 67 жаңа инвестициялық жобаны толық іске қосу есебінен бағындырылмақ. Атқарылған бұл жүйелі жұмыстар өңірдің макроэкономикалық даму динамикасына тікелей оң серпін бергенін мақтанышпен айтуға болады. Мәселен, үстіміздегі жылдың алғашқы 4 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысы экономикасының өсімі 125,2 пайызға жетіп, республика бойынша тағы да көш басына шықты. Өңірдің осынау зор даму әлеуетін негізге ала отырып, 2026-2029 жылдарға арналған жалпы құны 2,7 триллион теңгені құрайтын 122 инвестициялық жобаның алып пулы жасақталды. Осы ауқымды жоспар сәтті жүзеге асқан жағдайда өңірде 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, мемлекет қазынасына 100 миллиард теңгеден астам таза салық түсімі құйылмақ.